389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі Жапонияға жетті

  • 247
  • UPD: 16:12, 20.09.2019

Ядролық қарудан азат әлем. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасының бастамасы Токио қаласындағы БҰҰ Университетінде ашылған «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экспозициялық көрмесінде таныстырылды.

Осылайша Семей полигонын ядролық қарусыздандыру тәжірибесі алғаш рет шет елге ұсынылды. Сонымен қатар көрмеге Елбасы кітапханасындағы 350-ге жуық экспонат, құжаттар, фото мен бейнематериалдар қойылған.  

Халықаралық деңгейдегі көрмеге бұл жолы алғаш рет Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке қорынан құжаттар қойылды. Мына анықтамаларда Семей полигонындағы радиация деңгейі көрсетілген. Сандар норманың он есе жоғары болғанын айқындайды. Жанындағы құжатта қазақстандық тұрғындардың өтініштері. Олар биліктен Семей полигонында сынақтарды тоқтауды сұрайды. Ал мұнда жарылысты көрген куәгерлердің сөздері. 

Юичиро Миками, Токио қаласының тұрғыны:

- Жапонияда Қазақстан жайлы көбісі біле бермейді. Тіпті менің өзім біршама уақыт елдеріңізде білім алғанның өзінде көп нәрседен бейхабар екенмін. Оны бүгінгі көрмеден кейін ұқтым.

Шынында, Қазақстан мен Жапония ұқсас келеді. Екі мемлекет те ядролық қарудан азат әлем саясатын ұстанады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының айтуынша, бұл жоба – ядролық қарусыздандыру тақырыбындағы ғылыми-зерттеу дереккөздерінен жиналған. 

Әмірхан Рахымжанов, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры:

- Көшпелі ғылыми жоба профессор Махмұт Қасымбековтың бастамасымен жүзеге асты. Еліміздің тарихын, Тұңғыш Президент басқарған ядролық қаруға қарсы қозғалыстың тарихын көрсету үшін үлкен топ болып келдік. 

Көрменің тағы бір бөлімі Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты айқындайды. Оның ішінде Жапониядағы әскери тұтқын мен Қазақстан аумағында тұтқындалғандардың тағдыры, сонымен қатар екі елдің ядролық қарусыздандыру қозғалысына қосқан үлесін көрсетеді. 

Ерлан Баударбек-Қожатаев,  ҚР Жапониядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Жапония тарапы Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды тараптауға қатысты  бастамаларын жоғары бағалайды. Бүгінгідей көрме Жапонияда алғаш рет өтуде. Мұнда наградалар ұсынылған, олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген Жапонияның жоғары мемлекеттік наградасы – Үлкен лентадағы Хризантема (Бақытгүл) ордені бар. Сондай-ақ Елбасымызға «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру сәті бейнелеген фотосурет те бар. Жоба аясындағы қор көрмесі, халықаралық конференциядан тұратын іс-шаралар - екі елдің ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету ниетінің көрнекі мысалы. 

Атом энергиясы адамзат үшін пайдасы зор. Атом қуатын бейбіт мақсатта қолдану қазіргі заманның ең өзекті мәселесі. Бұл тақырыпты Елбасымыз бірнеше рет қозғаған болатын. Оның ядролық қарусыздандыру мен жаһандық қауіпсіздік жөніндегі жоспары мен қағидасы жайында көрмеде ұсынылған кітаптардан да таба аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы