389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кавказдың солтүстігінде бабаларымыздан қандай із қалды

  • 309
  • UPD: 18:28, 20.09.2019

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Шешенстанда.

Қазақстаннан келген делегация Грозный қаласында елдің ұлттық саясат және шет елдермен байланыс министрінің орынбасарларымен кездесті.

Сондай-ақ тарихи этнографиялық музейді аралап, жергілікті тарихшылармен жүздесті.

Солтүстік Кавказдағы алып шаһардың бірі – Грозный. Негізі 19-ғасырдың басында қаланды. Соғыс салдарынан бірнеше рет қираған. Дегенмен бүгінде сәулеті келіскен жасампаз қалаға айналып келеді. Шаһарға ат басын бұрған «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері әуелі елдің ресми өкілдерімен кездесіп, екі халықтың тарихи байланысы туралы сөз қозғады. Экспедиция жетекшісі Сапар Ысқақов, вице-министр Алихан Элембаевқа 12-ғасырда қолданған, Украина жерінен табылған қыл қобыздың көшірмесін тапсырып, қазақы шапан жапты.

Алихан Элембаев, РФ шешен республикасының ұлттық саясат, сыртқы байланыс, баспа және ақпарат министрінің орынбасары:

– Біздің өлкенің тарихын тереңірек зерттеуге атсалысып жүргеніңізге алғыс айтамын. Бүгінде Шешен республикасында 38 ұлт өкілі тұрады. Олардың арасында қазақтармен түбі бір ноғай, құмық сынды халықтар да бар. Бұл – олардың ата қонысы. Сондықтан біздің елдің тарихы бір десек болады.

Солтүстік Кавказда бабалаларымыздың мекен еткенін жер-су атауларынан-ақ байқауға болады. Мәселен, Грозный қаласы Терек жане Сунжу өзендерін бойлай орналасқан. Тарихи деректерге қарасақ, бүгінгі Грозныйдың орнында «Сунджу» яғни қазақша «Сүйінші» деген қала болған.

Ислам Хатуев, тарих ғылымдарының кандидаты, А.Х. Кадыров атындағы мемориалдық кешен директорының орынбасары:

– Солтүстік Кавказда, соның ішінде Шешен республикасында да ежелгі түрік тілімен байланысты топонимдер өте көп. Өйткені бұл маңды көшпелі қыпшақ тайпалары мекендеді. Олар жергілікті кавказ халықтарын таулы немесе қалың орманға дейін шегіндіріп, жазық, шұрайлы жерлерге өздері қоныстанғаны тарихтан белгілі. Бұл үрдіс сонау ғұн, сақ, сармат кезеңдерінен басталады. Мұнда олар орда тігіп, қалалар салған. Солардың бірі Сундж қаласы болуы әбден мүмкін. Бұл жерде Тоқтамыс хан да, Ақсақ Темір де орда тіккен. Оның бәріне кешенді зерттеу жүргізу қажет.

Ал бұл – Грозныйдан 20 шақырымдай жерде орналасқан шағын қала. Шамамен елу мыңдай халқы бар. Ең қызығы, қала «Аргун» деп аталады. Дәл жанында «Аргун» деп аталатын өзен сарқырап жатыр. Ол аз десеңіз, елдегі ең көрікті жердің бірі, яғни тау арасындағы шатқал да «Аргун шатқалы» деп аталады. Шешен республикасы мен Грузия арасын жалғайтын төте жол осы шатқал арқылы өтеді. Кезінде жібек жолының бір тармағы болған. Осы жерге иелік еткен бабаларымыз сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтып, көпестерден өз үлесін алып отырған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Шешен халқының арасында «Эргоной» деген тайпа бар. Олардың гаплогруппасы G2 екен. Ал бізде арғындарда күллі қазақтың ішінде жоқ G2 арғын тайпаларында бар. Соны ескере келген уақытында бұл арадағы «арғын» деген «Аргун» мағынасына келеді. Мұның бір сыры бар. Түп жағын іздеу керек.

Жергілікті тарихшылардың айтуынша, орыс тілі үстемдік құрғанға дейін Солтүстік Кавказ халықтары құмық тілін халықаралық қатынас тілі ретінде қолданған. Ал құмық тілі ежелгі қыпшақ тілінен бастау алады. Сондықтан бүгінгі шешен тілінде де қыпшақ сөздері жиі кезеседі. Грозныйға келген екі күннің ішінде білгеніміз осы. Бабалар ізімен ғылыми экспедициясы енді өз сапарын бауырлас Құмық, Ноғай ауылдарында жалғастырады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Самат Бекбатыр

Хабар 24 телеарнасы