389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда алғаш рет ұлы даланы мекендеген көшпенділер туралы көрме өтті

  • 277
Чехияда алғаш рет ұлы даланы мекендеген көшпенділер туралы көрме өтті

Чехия жұртшылығы сақ, ғұн және қаңлы дәуірінің сирек кездесетін жәдігерлерін тамашалауға мүмкіндік алды.

Прага қаласының ең көне мұражайларының бірінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты көрме ашылды. Бұл экспозицияны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның орталық мемлекеттік музейі ұйымдастырған.

Ұлы даланы мекендеген көшпенділер туралы көрме Чехияда алғаш рет өтті. Көрме 200 жылдық тарихы бар Праганың Ұлттық мұражайында ұйымдастырылды. Оның ашылу салтанатына әлемге әйгілі археологтар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері келді. 

Михал Лукеш, Прага ұлттық музейінің директоры:

– Мұнда жәдігерлер бірегей. Біз әлемдік мұраны көргенімізге ризамыз. Бұл – Қазақстан Орталық мемлекеттік музейімен ынтымақтастығымыз аясында өткізіп тұрған алғашқы көрмеміз. Мұражайымзға келген әрбір адам бізде сақталған 20 миллион нышанмен қатар Қазақстанның сирек экспонаттарын да көре алады. 

Нұрсан Әлімбай, ҚР орталық мемлекеттік музейінің директоры:

– Көрменің мақсаты, мүддесі біреу – ол Еуропа халқын, чехтарды көшпелі өркениеттің нәтижелерімен таныстыру. Расында халық мәдениет арқылы ғана танысады, мәдениет арқылы жақындасады, достасады. Ал көрме өздеріңізге белгілі ұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Келесі жылы бұйырса, Венгрияның Будапешт қаласында көрме және үлкен ғылыми конференция өткіземіз деп отырмыз.

Қазақстан Орталық мемлекеттік музейі Чехияға жәдігерлерінің ауқымды жиынтығын әкелген. Арасында аң стиліндегі алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, ұлттық үлгідегі киім, ескі жазуы бар керамикалық тақталар кездеседі. Сақтар, үйсіндер мен қаңлылардың бай мәдениетін айқын көрсететін экспонаттардың саны – 400. Алайда «Алтын адамның» орны бөлек. Қазақстан нышанына айналған бұл жәдігердің көшірмесі ақыры Чехияға жеткен.

Сильвия, Канададан келген турист:

– Мен музейлерді аралауға құмармын. Көшпенділер мәдениетімен таныспын. Олардың жасаған әшекейлері маған ұнайды. Өз өнерімен жеткізгісі келген мазмұны қызық. Бұл мен үшін өте маңызды. Оюлар, материалдар және мәнері арқылы ел мәдениетін тануға болады деп санаймын. 

Бұл көрмеде жәдігерлерді көзбен көріп ғана қоймай, көшпенділер тұрмысының мәнісін түсінуге болады. Осы мақсатпен Алматыдан арнайы дәстүрлі киіз үй де жеткізілген. Ұлы дала мұрасы Чехияда екі ай бойына көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың болжауынша, көрмені 50 мыңнан астам адам тамашалауы мүмкін.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы