389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада салынып жатқан қазақ драма театрының құрылысы 2020 жылы аяқталады

  • 271
  • UPD: 22:20, 20.09.2019

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыка драма театры келер жылы жаңа ғимаратқа көшеді.

Елорда орталығында іргетасы қаланып, құрылысы жүріп жатқан мәдени ошақтың жалпы ауданы шамамен 20 мың шаршы метрді құрамақ. Ал учаске ауданы – 6 гектар. Италиялық, швейцариялық және албаниялық құрылыс компанияларының бірлесе атқарып жатқан жұмысы 2020 жылы 6 шілдеге дейін аяқталады деп күтілуде.

Бүгін Мемлекет басшысының көмекшісі Мәулен Әшімбаев жұмыс барысымен танысып, өнер өкілдерін құттықтап барды. Ол жаңа қазақ драма театры құрылысының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында екенін айтты.

Өнерге деген қамқорлық сөзін алған Мәулен Әшімбаев өнер саласы өкілдерінің осынау айтулы қуанышына ортақтасып, болашақ театрдың құрылыс жобасымен танысты. Жобаға сәйкес, жаңа мәдени ошақ қазіргі қара шаңырақтан шамамен 4 есе кеңейе түспек. Үлкен залы 640 орындық, ал кіші залы 202 орындық болмақ.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Президентінің көмекшісі:

– Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен Астана Опера, Астана балет театрлары, Шабыт ғимараты салынғаны және бұл ғимараттар бүкіл Қазақстанның мақтанышы болғаны белгілі. Осы мәселенің барлығын Президент Қ.Тоқаев әрі қарай саясат сабақтастығын жалғастырып, осы мәселелерді өзінің жеке бақылауында ұстап отыр. Сондықтан Президентіміз театр құрылысы қалай жүріп жатыр екен деп мені бүгін арнайы жіберіп отыр.   

Мирко Горник, құрылыс компаниясының өкілі:

– Бүгінде құрылыс жұмыстарына 300 адам жұмылдырылған. Жаңа жылға дейін бетоннан қабырғаларын қалап, кейін ішкі жұмыстарына кірісеміз. Ғимараттың қасбеті сицилиялық мәрмәр тастан болады. Жергілікті құрылыс материалдары да қолданылады.

Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтің айтуынша, жаңа қазақ драма театрының құрылысына шамамен 27 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Болашақта мәдени ошақ аумағында салаға елеулі үлес қосқан белгілі тұлғаларға арналған ескерткіштер аллеясын орнату жоспарланған.

Талғат Теменов, Қазақстанның халық әртісі:

– Осы алаңға қазақтың ұлы дарындары Майқанова, Айманов, Ноғайбаев, Шарипов, Мұхтар Әуезов, Әзербайжан Мәмбетов, солардың бәріне 3 метрлік бюст орнатсам деген ойым бар. Сосын мына театрдың алдынан жұлдыздар аллеясын саламыз деп өткен жылы Президентімізбен сөйлестік. Сондықтан елордамызда үлкен театрдың бой көтеруі – бұл ортақ қуаныш.

Сонау 1991 жылы «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде Ақтоқты рөлін сомдаған актриса Бақыт Исабекованың айтуынша, қазақ драма театры әртістерінің ендігі арманы - халық қошеметіне жаңа қара шаңырақта бөлену.

Бақыт Исабекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Біздің қуанышымызда шек жоқ. Керемет ғимарат ашылады. Осы театрда біздің ұжымның өнерін тамашалайсыздар.

Мәдени ошақтың құрылыс жұмыстары қарқын алды. Жалпы нысан 3 қабаттан тұратын болады. Нысанның жалпы ауданы 20 мың шаршы метрге жуықтайды. Ал учаскенің жалпы аумағы 6 гектарды құрап отыр.

Осылайша, Қазақ драма театрының жаңа ғимараты 2020 жылы шілде айының басында толық аяқталады деп күтілуде.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Наурыз Базаров, Ерсін Мұхамбеталин

Хабар 24 телеарнасы