389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында «Қорқыт және ұлы дала сазы» атты өнер фестивалі өтіп жатыр

  • 258
  • UPD: 20:19, 21.09.2019
Қызылорда облысында «Қорқыт және ұлы дала сазы» атты өнер фестивалі өтіп жатыр

Қызылорда облысында «Қорқыт және ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі өтіп жатыр.

Шараны ұйымдастырған облыс әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы .Осымен 5-рет өтіп отырған фесливалге  бауырлас түркі елдерінің де өнерпаздары қатысуда.  

Қамбар Бекенов, тілші:

- Өнер фестиваліне Иран, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Сербия мемлекеттерінен және ел аумағынан150-ге жуық түркітанушы ғалым мен өнерпаз жиналды.

Жаңғырту жұмыстарынан кейін түрленіп-түлеген Қорқыт ата мемориалдық кешені ықылым заманнан сыр шерткен қалашыққа айналғандай. Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізіліп, қазақтың қасиеті іспеттес - қобыз бен даналығына баланған домбыра жасаудың үлгілері көрсетілді. Түркітанушы ғалымдар қобыз сарынымен сар даланы тербеген Қорқыт бабадан қалған ұлы өнерді әлемдік өркениеттің өзегіне өріп, жырау-филолог, жырау-фольклор зерттеуші, жырау-этнограф, жырау-педагог, теориялық зерттеумен айналысатын шәкірттер қалыптастыру керектігін айтты. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Жүздеген жырауды жүзіктеген, мыңдаған жыршы-термешіні қанаттандырған бұл киелі өлкедегі өнер фестивалінің түйінді концерті ақындардың арнауымен басталды. Сахнада бағзыдан бастау алған тарихи-фольклорлық-ұлттық өнердің асыл жауһарлары шырқалды. Ата қонысқа келіп, ерекше тебіренген өнерпаз-меймандардың толқынысын тыңдап көрсек.

Қурай, қылқияқ, хомус, гайда, комуз аспабтарында құйқылжыта орындалған түрлі туындылар көрерменді елітіп әкетті. Қорқыт ата кесенесіндегі амфитеатрға жиналған жұрт көне ғасырлар қойнауына енгендей күй кешті.   

Қамбар Бекенов, тілші:

- Түркі әлемінің басын біріктірген шараны Сыр еліндегі шайырлық мектепті қалыптастырушы Нұртуған, Жиенбай, Нартай секілді сүлейлердің бүгінгі ізбасарлары түйіндеді.

Хабар 24 телеарнасы