389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бекзат Саттархановтың бейнесін сомдауды бала күнімнен армандадым – Самат Әзімқұлов

  • 432
  • UPD: 18:02, 26.09.2019
Бекзат Саттархановтың бейнесін сомдауды бала күнімнен армандадым – Самат Әзімқұлов спутник.кз

Спортшы, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған «Бекзат» көркем фильмінде басты рөлді сомдаған Самат Әзімқұлов «Хабар» арнасындағы «Таңғы хабар» бағдарламасына берген сұхбатында осы рөлде ойнауды бала кезінен армандағанын айтты.

− Фильм алғаш көрсетілген кезде қандай әсерде болдың?

− Бұл негізінде сериал ретінде түсірілген. Сериал ретінде түсірілгендіктен, оны қысқартып толықметражды фильм шығарған. Көрермендерге ұнады. Мен өзім қай жері қысқартылғанын біліп отырғаннан кейін қатты әсер ете қойған жоқ.

− Нұр-Сұлтан қаласында тұсаукесері өтті. Енді қай қалаларда тұсаукесері болады, өзің барып қатысасың ба?

− 30 қыркүйекте туған жері Түркістан қаласында болады. 1 қазанда Шымкентте, 3 қазан Алматы қаласында өтеді. Тұсаукесерге өзім қатысамын.

− Бекзаттың рөлін сомдауда қандай да бір қиындықтарға тап болдың ба?

− Қиындықтар да, қызықтар да болды. Түсірілім барысында жағыма қатты соққы тиген кездер де болды. Ең толқытатын сәт Бекзат ағамыздың финалдағы жекпе-жегінде болды. Жекпе-жекке шығайын деп жатқан кезде спорт комментаторы Амангелді Сейітхан ағамызға хабарласқан болатын. Фильмде «Мен, бұйыртса, финалға шығайын деп жатырмын. Осы жеңісімді Түркістанның 15 жылдығына арнаймын» деп айтуым керек. Бәрі өмірден алынған ғой. Сол сөздерді айтатын сәтте қобалжып, 3-4 дубльден кейін бір-ақ сәтті шықты. Көзіме жас келіп қала берді.

− Ал осы фильмге түсу үшін кастингке қалай келдің?

− Мені бірінші фильмнің режиссері Мұрат Бидосов шақырды. Ол кезде Бекзат туралы фильм деп ойламадым. Бекзаттың рөліне арнайы кастинг болған жоқ. Instagram парақшам арқылы тапқан болуы керек. Себебі 2014 жылдан бері парақшамда Бекзат ағамызды насихаттап келе жатырмын. Ондағы мақсатым Бекзат ұмыт қалмаса екен деген ниет болатын.

− Оған не түрткі болды? Өмірде таныс болдыңдар ма?

− Өкінішке қарай, өмірде көзін көре алмадым. Ол кезде кішкентай едім, небәрі 2 сыныпта оқиды екенмін. Бірақ олимпиаданы жеңіп, әнұранды шырқатып жатқаны әлі күнге дейін есімде. Әкем екеуіміз отырып көретінбіз. 8-9 сынып оқып жүргенімде сыныптастарым Бекзат Саттархановқа ұқсайтыным туралы айта бастады. Сол кездерде суреттерін жинап, фильміне түсуді армандап жүретінмін. Неге Бекзат Саттархановқа арналған фильм түсірмеске деп те ойлайтынмын. Кейін Жүргеновке түсіп, актерлік шеберлікті оқығаннан кейін бұл құлшыныс арта түсті. Қаншама құжаттарды дайындап, көп жердің есігін қағып, табалдырығын тоздырдым.

− Осы фильмге түсу үшін қандай бір спорт жағынан дайындық керек болды ма?

− 1999 жылдан 2009 жылға дейін кикбоксингпен айналысқанмын. 2009 жылы жастар арасындағы Қазақстан Республикасының Спорт шебері деген атақ алдым. Кейіннен көзіме соққы тигізіп алғаннан кейін дәрігерлер рұқсат бермеді. Содан бастап өнер саласына келдім.

 − Алдағы жоспарларыңмен бөліссең.

 − Фильмнің көрсетілімдеріне қатысамын. Сондай-ақ фильмнің телесериал нұсқасы желтоқсаннан бастап теледидарда көрсетіледі.

«Хабар» агенттігі жасындай жарқ еткен спортшы, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов жайлы көркем фильм түсірген болатын.

Дайындаған: Д.Доспан

Хабар 24 телеарнасы