389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританияда заманауи қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясы жарық көрді

  • 218
Ұлыбританияда заманауи қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясы жарық көрді

Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Британия кітапханасында ағылшын тіліне аударылған заманауи қазақ әдебиеті антологиясының тұсаукесері өтті.

Енді ол 90-нан астам мемлекетте 5 құрлықта таратылатын болады. Бұл дегеніңіз 2,6 миллиард адам бұрын-соңды әлемдік аудиторияға қолжетімсіз болған қазақ әдебиетінің үздік жауһарларымен таныса алады деген сөз.

Қазақ әдебиеті жинағы Кэмбридж университетінің баспасында ағылшын тіліне аударылып, шығарылды. Жобаға көркем аударма саласындағы британиялық тәжірибелі мамандар, аудармашылар мен әдеби редакторлар тартылған. Британиялық кеңес пен Кембридж университеті баспасының басшылары, сондай-ақ сыншылар мен шолушылар бүгінгі тұсаукесердің қонағы болды.

Питер Филлипс, «Cambridge University press» баспасының бас директоры:

– Меніңше, бұл ерекше жоба. Қазақстан – жас мемлекет. Елдеріңіз әдебиет саласында жаңа кезеңді бастан кешіп жатыр. Бұл өзге мемлекеттердің көбінде жоқ дүние.

Кирон Деван, «Британ кеңесінің» бас директоры:

– Британ кеңесі - білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Біріккен Корольдік ұйымы. Идея, білім және жаңалық алмасу - біз сенетін негізгі факторлар. Біз жобаға ерекше көңіл бөлдік және тараптарды қажетті адамдармен байланыстыруға көмектестік.

Кітаптар сегіз мыңнан астам кітапханаға, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия университеттері мен ғылыми орталықтарға және ағылшын тілінде сөйлейтін өзге елдерге де жеткізілетін болады.

Ричард Кюмбис, аудармашы:

– Мен Әкім Таразының «Жаза» атты шығармасын аудардым. Бұл – өте серпінді, өзіне тартып әкететін, әсерлі роман. Мен оны бірінші рет оқығанымда, тоқтай алмай қалғаным рас.

Аида Балаева, ҚР президентінің көмекшісі, «рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссия хатшысы:

- Ең басты негізгі мақсат – ол біздің әдебиет арқылы қазақ халқының, еліміздің рухын, мәдениетін, жалпы қазақ халқының болмысын, тыныс-тіршілігін әлемге паш ету. Осылайша біздің қаламгерлеріміздің үздік туындылары арқылы елімізді танытамыз деп сенімдімін. Екіншіден, бұл жалпы біздің аударылып жатқан әрбір елдің біздің елмен қарым-қатынасын нығайтуға өзінің үлкен септігін тигізіп жатыр. Өйткені үлкен халықаралық ұжым жұмыс атқарды. 

Дәл осындай тұсаукесер алдағы күндері Мадрид және Париж қалаларында өтеді. Ал жыл соңына дейін антологияның қытай, орыс және араб тілдеріне аударылған нұсқалары қалың оқырманға таныстырылмақ. Айта кетейік, заманауи қазақ әдебиеті үздік үлгілерінің Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аудармасы «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты. Жоба міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазыналарын әлем жұртшылығына таныстыру.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы