389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Заманауи қазақ ақын-жазушыларының туындылары испан тіліне аударылды

  • 232
  • UPD: 12:00, 30.09.2019

Мадридте қазақ әдебиеті антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мадридтің қақ ортасында орналасқан Сервантес институтында испан тіліндегі қазақ әдебиетінің екі томдығы көпшілік назарына ұсынылды. Заманауи проза мен поэзия антологиясын үздік аудармашылар тәржімалаған.

Аида Балаева, ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссия хатшысы:

- Бұл арқылы біз әлемдік гуманитарлық кеңістікпен барынша ықпалдасу жолында үлкен қадам жасап отырмыз. Біздің бүгінгі тұсаукесеріміз осы жобаның аясында жүзеге асырылуда. Рухани жаңғыру бағдарламасының міндеттері БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарымен үндесіп жатыр. Ол ЮНЕСКО-ның басты қағидаларымен де тығыз астасқан.

Бұл – Қабдеш Жұмаділовтің туындысы. Оны аударған Татьяна Соболева-Басенова атасының Алматыда белгілі архитектор болғанын айтады. Испаниялық аудармашы қазақ мәдениетін дамытуға үлес қосқанына мақтанады.

Аударманың мазмұнын бұзбау үшін испан аудармашылары Қазақстанға келіп, туынды авторларымен жеке танысқан.

Хоакин Торкемада Санчес, Гранада университетінің лингвистика профессоры:

- Мен бұл жобаға қатысқанға дейін қазақтың мәдениеті туралы ешнәрсе білмеп едім. Осы жобаның арқасында сіздің елмен жақынырақ танысып, тәнті болдым. Себебі, сіздердің мәдениетіңіз өте бай.

Давид Флорес, аудармашы, әдеби редактор:

- Әр туынды терең мағыналы, әдемі өрілген. Оны бұзу қиянат қой. Біз авторлармен танысып, қазақ елінің әдебиетіне бойлауға тырыстық. Осындай мүмкіндік туғанына қуаныштымын.

Қазақ әдебиеті антологиясының испанша нұсқасы 10 мың данамен жарық көрді. Бұл кітаптар Испания ғана емес, Латын Америкасының 18 мемлекетіне таратылмақ. Демек, испан тілін қолданатын 600 млн адам осы кітаптар арқылы заманауи қазақ мәдениетіне бойлайтын болады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Әлия Сыздықова

Хабар 24 телеарнасы