389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франциялық көрермендер еліміздің үздік фильмдерімен танысты

  • 157
Франциялық көрермендер еліміздің үздік фильмдерімен танысты

Қазақстан – тұңғыш рет кино өнері пайда болған елде өз кинофестивалін өткізді.

Франциялық көрермендер соңғы жылдары елімізде шыққан үздік фильмдермен танысты. Бұл шара елшілікпен және қазақстандық бизнестің қолдауымен өтті.

Қазақстандық киноның Франциядағы тұңғыш фестивалі әйгілі Линкольн кинотеатрында өтті. Фильмдердің көбісін олардың дайындаушылары ұсынған. «Айканы» Самал Еслямова мен Сергей Дворцевой, «Қазақ хандығын» режиссер Рүстем Әбдірашев, «Анаға апарар жолды» бас кейіпкерлерін сомдаған актрисалар жергілікті көрермендерге таныстырды. Алайда «Әміре» картинасының Париждегі орны бөлек болды. Жергілікті прокатқа ол «Париж әні» деген атпен шықты.

Санжар Мәди, актер:

–Бұл мен үшін үлкен борыш болды, өйткені бүкіл өмірін Әмірені зерттеуге арнаған Жарқын Шәкәрім Әмірені Париж көрсін, ол Парижге оралсын деп армандаған еді.

Қазақстандық киноның алғашқы фестивалі үлкен табыспен өтті. Кешкі көрсетілімдерде залда ине шаншар орын болған жоқ. Ұйымдастырушылар да басты мақсатына жетіп, кинопрокатпен айналысатын жергілікті мамандардың қазақстандық киноға назарын аудартқан. Фестиваль барысында кино көрсетілімдеріне 120 компанияның өкілі қатысты.  

Андрэ Иванов, фестиваль ұйымдастырушысы:

– Біздің мақсатымыз – фестиваль өткізіп, Еуропада әлі білмейтін картиналардың алуан түрлігі мен сапасын көрсетіп, дистрибьюторлар мен тілшілердің оларға қызуғышылығын арттыру. Еуропада өтетін халықаралық кинофестивальдерде көптеген авторлық фильмдер жұрттың ықыласына бөленеді. Алайда өзге жанрдағы эпикалық фильмдер еуропалық көрермендерге жетпей отыр.

Фестиваль соңында бүкіл картиналар жүлделермен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл шараны жыл сайын өткізуді көздеп отыр. Фильмдер прокаты фестиваль өтетін күндермен және Франциямен ғана шектелмейді. Еуропаның өзге елдерінде де арнайы көрсетілімдер өткізу жоспарланған.

Мэриам Д’або, актриса:

– Осы фестивальге қатысу мен үшін үлкен абырой. Қазақстан мәдениетін кино арқылы Парижде таныту қажет.

Қазақстандық кино сұранысқа ие экспорттық өнімге айналды. Париж көрермендерінің оған қызығушылығы мұны айғақтап отыр. Фестиваль қонақтары өздері үшін жаңа Қазақстанды күрделі тарихы, бірегей мәдениеті және үлкен болашағы бар елді ашқан.

Авторлары: Әлия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы