389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мен фильмге бала кезден дайындалдым – Бекзаттың рөлін сомдаған актер

  • 180
  • UPD: 22:44, 01.10.2019

Осыдан 19 жыл бұрын қазақтың батыр ұлы Бекзат Саттарханов Сидней Олимпиадасында оза шауып, алтыннан алқа таққан еді.

Ал бүгін Шымкентте даңқты боксшының қысқа ғұмыры таспаланған «Бекзат» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Хабар» Агенттігінің» тапсырысымен түсірілген кинокартина 3 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

Бекзаттай күріз жұдырықты, нар тұлғалы азаматтың арамыздан алыстағанына 20 жылға жуықтады. Батыр ұлды сағынғандар көп. Сондықтан да «Бекзат» кинотуындысының жабық көрсетіліміне келгендердің қарасы жетерлік. Олардың ішінде спортшылар, қоғам қайраткерлері, жастар мен аға буын өкілдері бар. Ал былғары қолғапты бірге киіп, жаттығу залында дайындықты бірге жасаған бокс шеберлерінің естеліктері ерен.

Заңғар Қасқаев, бокстан ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы, қалалық бокс клубының директоры:

- Бекзат екеуміз бір залда бірге жаттығу жасағанбыз. Ол бізден екі жас кіші еді. Жастардан келіп, ересектерге кірісіп, бокста мықтылығын көрсетті. Оқу-жаттығу жиынында жүгіргенде ол аяғына да, қолына да груз байлап алатын. Соның өзінде бірінші болып келтін

«Хабар» Агенттігі» қашан да тарихи тағылымы мол, рухани һәм әдеби, мәдени мұраны арқау еткен тың туындыларын көрермен назарына ұсынып келеді. Соның бір айғағы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен түсірілген еліміздің біртуар азаматтары туралы тарихи, ғұмырнамалық фильмдер.

«Бүгінгі «Бекзат» картинасының да таспаланып, қалың қауымға жол тартуы – біз ұстанған бағыттың, агенттік миссиясының, көрермен алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіміздің бір көрінісі» - дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Бекзат Саттархановтың жеңіс жолын, табыс формуласын үлгі еткен қаншама спортшылар, боксшылар шықты. Қаншама қарпайым қазақстандық жастар спортпен, салауатты өмір салтымен айналыса бастады. Осыны ескере отырып, жастар жылында «Хабар» Агенттігі» еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрінің қолдауымен «Бекзат» атты фильм түсірген болатын. Фильмнің мақсаты –Бекзаттың бойындағы жетістікке толы жігерлікті, қайсарлықты, ұлтжандылық пен намысқойлық секілді мінездерді жастардың санасына сіңіру. Жастар жадына жеткізу.

Фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 90 жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді.

Сейілхан Саттарханов, Бекзаттың әкесі:

- Қазақ халқының мерейінің асқақтап толған күні, көк туының жоғарылап көтерілген күні – 1 қазан. Қазақтың екі жас ұланы Бекзат пен Ермаханның қазақтың жалауын желбіреткен күні бүгін.

Сырлыгүл Шойбекова, Бекзаттың анасы:

- Бекзат деп осы киноны көретін жастар болсын, үлкендер болсын мен айтамын, киноны жақсы қабылдап, Бекзаттай ұлдар, жастар қазақ еліне еңбектерін сіңірсе жаман болмайды.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстамбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды. Ол 2006-2007 жылдары кикбоксингтен жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған. Ал картинаның режиссері Мұрат Бидосов болса, сценарийін Сержан Закерұлы жазған.

Самат Әзімқұлов, актёр:

- Мен фильмге бала кезден келдім деп айта аламын. Себебі Бекзат менің бала кезден кумирім болды. Оны зерттеп өстім. Сыныптастарым куә. Оларға 8-9 сыныпта оқып жүрген кезімде Бекзат аға туралы фильмге түссем деп айтатын едім.

«Бекзат» ғұмырнамалық драмасының сериалдық нұсқасын көрермендер 2019 жылдың 16 желтоқсаны – Тәуелсіздік күнінде «Хабар» телеарнасы мен «Хабар» Агенттігіне» қарасты арналардан көре алады. Ал 3 қазаннан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында «Бекзат» туындысы көпшілікке жол тартады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы