389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Алтын адам» Малайзия жұртшылығына таныстырылды

  • 231
«Алтын адам» Малайзия жұртшылығына таныстырылды

2019 жылдың қазан айының 1 күні Куала-Лумпурдағы Малайзия музейлерінің департаментінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесінің салтанатты ашылуы болды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ең құнды жәдігері «Алтын адам» қойылды. Әлемді аралап жүрген «Алтын адам» – Қазақстанның символы.Осыған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ұйымдастырған халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясындағы ауқымды шара: Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркия музейлеріндегі көрмелерде үлкен жетістікпен өтті.

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация болды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «Ғасыр жаңалығы» деп танылды.

ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі арқылы Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнерімен таныса аласыздар. Бұл көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба 2017 жылы қолға алынған болатын. Бүгінге дейін өткен күннің өшпес тарихын айқындайтын жәдігерлерді Еуропа және Азия елдері тамашалады. Көрменің басты экспонаты –«Алтын адам». Оның киімі түгел бағалы тастармен, яғни алтынмен өңделген. Сақ жауынгерінің киіміндегі алтынның әр бөлшегінде философиялық мазмұн бар. Әсіресе, оның бас киімі Тәңіршілдік сенімнің айқын көрінісін білдіреді. Қазіргі күні «Алтын адам» Тәуелсіз Қазақстанның басты нышаны екенін атап айтқан жөн. Сіздерге Ұлы даланың жауһар жәдігерлерін таныстыруға мүмкіндік алғанымыз үшін қуаныштымын», – деді.

Малайзия музейлерінің департаментіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады. Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 346 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.

Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 2019 жылғы 1 қазаннан 31 қазанға дейін жалғасады.

Хабар 24 телеарнасы