389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да Алтын орда дәуіріне жататын 7 көне кесене табылды

  • 218
  • UPD: 21:18, 02.10.2019

Қазақ тарихында тағы бір олжа! Солтүстік Қазақстан облысында Алтын орда дәуіріне жататын 7 көне кесене табылды.

Археологтардың айтуынша, бұл Жошы ханның ұрпақтары тұрған тұрақ болуы мүмкін. Сілеті өзенінің бойында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде өзге де құнды жәдігерлер жер бетіне шықты.

Береке ауылының жанындағы қазба жұмыстары қыркүйектің 14-і басталды. Тарихшылар 7 көне кесененің бетін ашты. Олардың пайымынша, бұл Алтын Орда дәуіріндегі Жошы ханның ұрпақтары тұрған тұрақ болуы бек мүмкін.

Бақытбек Білімбекұлы, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Өзіміз үмітпен келдік. Не екенін білген жоқпыз. Көп мәлімет алдық. Алтын орда заманы жайлы осындағы мәдениет жайлы. Мұнда тек қана мал шаруашылығы емес, егіншіліктің дамығанын, қолөнердің дамығанын, осы бір қазба жұмыстары барысында ол кездегі мамандардың жоғарғы дамығанын, геометрияны басқа да археологиялық салаларды меңгергенін біліп отырмыз. Мұндай мазарлар Қазақстан өңірінде көп емес. Және СҚО-да ең алғашқысы болып отыр.

«Бұл мазарлар XIV-XV ғасырларда тұрғызылған», - дейді археологтар. Оның жанынан арық іздері мен суармалы егіншілік белгілері байқалған. 700 жылдай жер астында жатқан жәдірлердің арасында алтыннан құйылған әшекей бұйымдар, еңбек құралдары мен күйдіру пештер бар. Бұл олардың кесене салғанын дәлелдейді. 

Тимур Смағұлов, археолог:

– Қазба жұмыстарының нәтижесінде кесененің қабырғалары ашылды. Оның жалпақтығы – 3 метр. Бұл көне нысандардың алып болғанын білдіреді. Тарихи тұрақта Орта ғасырдағы билеушілер мен көшпенділер тұрған деп болжап отырмыз.

Бұл - Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеттерінің тарихи олжасы. Әзірге археологтар 100 шаршы метр аумақты ашты. Қазба жұмыстары келер жылы кең көлемде жалғасады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы