389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда Еуразиялық мәдениет апталығы аясында Абай мұралары талқыланды

  • 248
  • UPD: 17:55, 05.10.2019
Лондонда Еуразиялық мәдениет апталығы аясында Абай мұралары талқыланды

Біріккен Корольдік астанасында Британия жұртшылығы ұлы Абай мұраларын талқылады.

Қазақ ойшылы әрі ақынының 175 жылдығына арналған іс-шара Еуразиялық мәдениет апталығы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абай мұрасы тек Қазақстан халқына ғана емес бүкіл адамзатқа ортақ. Оның есімі һәм шығармалары ағылшын ақыны және драматургі Шекспирдің еңбектерімен бір қатарда тұрады. Бұл – британиялық зиялы қауым өкілдерінің пікірі. Кездесу барысында жазушылар, ақындар және әдеби аудармашылар ұлы ойшылдың шығармаларынан қандай ғибрат алғандарын айтты.

Джон Фарндон, жазушы:

Абай қоғамның алға жылжуы үшін көп нәрсе жасады. Өзінен кейін өшпес рухани мұра қалдырды. Менің ойымша, Абайдың 175 жылдығы қарсаңында оның шығармашылығы туралы Батыста көбірек айтып, есімін насихаттай беруіміз керек.

Кездесуге Еуразияның көптеген елдерінен жазушылар мен ақындар келді. Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Молдова мемлекеттерінің өкілдері Абайдың өткен ғасырда айтқан ойлары қазір де өзекті екендігін жасырмады. Ақын шығармалары өмірлік қуат береді және оқырманның дүниетанымын өзгертеді, деді қонақтар. Қазақстандық өкілдер өз кезегінде Абайдың 175 жылдығына жоспарланған мәдени іс-шаралар туралы айтып берді.

Бақтыгүл Маханбетова, Еуразиялық шығармашылық Гильдия мүшесі, әдеби агент:

- Абайды зерттеп жүрген біздің қазақ әдебиетінің өкілдерімен қоса басқа саланың ғалымдары да өздерін үлестерін қосып жатыр. Мен осы жолы Оразалы Сәбден ағаның (ол мықты экономист) осы Абайды өзінше зерттеп, Абай әлемі арқылы Қазақстанды қалай жоғары деңгейге көтеруімізге болатынын жазған еңбектері туралы бөліскім келіп отыр. Осы Гильдия апталығында, әдебиет апталығында.

Кездесу соңында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Молдова және Ресей суретшілерінің «Азия шыңдары» атты көрмесінің ресми ашылуы болып өтті. Бір апта көлемінде лондондықтар қылқалам шеберлерінің 50-ден астам туындысын тамашалай алатын болады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы