389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бекзаттың анасы: Бұл фильмді көру маған өте ауыр

  • 178
  • UPD: 23:17, 04.10.2019

Кеше Алматыда «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Бекзат» ғұмырнамалық фильмінің тұсаукесері болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың жастық шағы мен спорттағы жетістігі суреттелген кинокартина көпшіліктің көңілінен шығып, көрермендер батыр ұлмен қайта қауышқандай болды.

Алты алаштың 20 жыл күткен алтынын небәрі 20 жасында сыйға тартқан саңлақ Бекзат Саттарханов есімі әр қазақтың есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Сидней шаршы алаңында әлем мықтыларының шаңын қаққан  батыр ұлын  Алматы жұртшылығы да әбден сағыныпты. «Бекзат» фильмін көремін деушілердің есебі болған жоқ. Арнамыздың тапсырысымен түсірілген фильм қалай шықты деген сауалды алдымен батыр ұлдың ата-анасына қойған едік.

Сейілхан Саттарханұлы, Бекзаттың әкесі:

- Кино негізінде өте жақсы шыққан. Әсіресе, бізге ұнағаны оның тазалығы. Негізінде бұл кино мынау біздің мамасымен екеуміздің айтқан жолымызбен, ізімізбен, сөзімізбен жазылған деуге болады. Себебі кітаптан алса да, кітапты да біз айтып шығарғанбыз. Бекзат деген кітаптар бар ғой. Сондықтан таза Бекзаттың өмірі сол таза көрсетілді.

Сырлыгүл Шойбекова, Бекзаттың анасы:

- Кино өте жақсы деп айтуға болады. Жақсы шыққан. Енді ол 100% жұрттың ойынан шықпайды не болмаса Бекзаттың шынайы өзі болып кинода шықпайды ғой. Бірақ Бекзаттың шынайы өмірі баяндалған. Маған өте ауыр. Мен қанша көрсем де маған өте ауыр тиеді.

«Бекзат» фильмі 90-жылдардың бас кезіндегі боксшының туып өскен ордасы Түркістанның тұрмыс-тіршілігімен басталады. Қиын кезеңдерде бұзақылардың арбауына түспей табыстан намысты биік қойған Бекзаттың адамгершілігі мен адалдығы, еңбексүйгіштігі айқын көрініс табады. «Спорттан хабарым болса да, Бекзаттың рөлін ойнау оңайға түскен жоқ», - дейді Саттарханов рөлін сомдаған Самат Әзімқұлов.

Самат Әзімқұлов, актер:

Бала кезден құлағамыз сол Бекзат десе, елең ете қалатын. Қазір енді Құдайға шүкір, ақын-жазушыларымыз көптеген шығармаларын дүниелерін арнап жатыр ғой. Мен бала кезден солардан артық болмаса, кем зерттедім деп айта алмаймын. Инстаграмм парақшасы ашылғалы бері осы Бекзат ағамызды насихаттап келе жатырмын. Ондағы мақсатым Бекзат ағамыздың аты өшпесе екен, жастарымыз, қарындастырымыз көрсе екен деген ниетпен салып отырдым.

«Фильмді түсіру барысында көптеген қиындықтардың болғаны рас. Тіпті актерлердің қолы сынып, жағы ісіп кеткен кездер де болды. Соған қарамастан, түсірілімді уақытында аяқтап көпшілік көңілінен шығуға тырыстық», - дейді фильм режиссері Мұрат Бидосов. Енді 6 бөлімнен тұратын «Бекзат» фильмінің сериалдық нұсқасы «Хабар» арнасынан желтоқсан айынан бастап көрсетіледі.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» АҚ басқарма төрағасы:

- Бекзаттың Сиднейдегі жеңісін ең бірінші болып «Хабар» арнасы сүйіншілеп тікелей эфирден жеткізген болатын. Енді міне, бірінші болып батыр ұл жайында кино түсіріп отырмыз. Мақсатымыз – тәлім-тағылымы мол осындай туындыларды көпшілік назарына ұсыну арқылы келешек ұрпақты тәрбилеу.

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында артында өшпес із қалдырған батырымызға халық қаһарманын берсек те жарасады. Тіпті Алматы мен Нұр-Сұлтаннан ескерткіш тұрғызып, үлкен спорт кешендерінің біріне  Саттарханов есімін берсекте артық болмас еді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы