389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ержан Максим: Осы клип арқылы Алматымның тауларын көрсеткім келді

  • 126
  • UPD: 23:22, 10.10.2019

«Бала дауысы» жобасының жеңімпазы Ержан Максим биыл «Junior Eurovision» халықаралық байқауында ел намысын қорғайды.

Бүгін жас әншінің сол байқауда орындайтын әніне түсірілген бейнебаян ресми түрде таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Арманнан қалма». Ержанның көрермендеріне тосынсый ретінде дайындаған әні осылай аталады. Сөзін Данияр Алдабергенов жазса, әні Хамит Шаңғалиевтікі. Халықаралық сахнада орындалатын әнді де, оған арнайы түсірілген бейнебаянды да алғашқы көрермендер жақсы қабылдады.

Клиптің авторы – украиналық режиссер Александр Фломбойм. Қоюшы операторы – көптеген қазақстандық әншілерге бейнебаян түсірген танымал маман Станислав Ильин. Жеткіншектерге үміт сыйлауды, шабыт беруді мақсат тұтқан туындыда Ержан армандарды орындайтын сиқыршы бейнесін ойнайды.

Ержан Максим, жас әнші:

- Алматы қаласының тауларын өте қатты жақсы көремін. Ауасын жақсы көремін. Және де адамдарын өте қатты жақсы көремін. Сол үшін Алматы қаласында түсірейік деп шештік. Осы клип арқылы елімнің, Алматымның тауларын, тағы басқа әдеміліктерін көрсеткім келді.

Junior Eurovision» байқауының шарты бойынша қатысушылар еш жерде жарияланбаған 3 минутқа дейінгі композицияны табиғи дауыста орындауы қажет. Айта кетейік, Қазақстан бұл байқауға биыл екінші рет қатысқалы отыр. Былтыр «Хабар» агенттігінің қолдауымен Данэлия Тулешова байқауға қатысса, биыл айтулы байқауда Ержан ел намысын қорғайды.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- «Хабар» агенттігі» 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағына мүше. Бұл бізге «Junior Eurovision» халықаралық байқауына Қазақстан атынан үміткерді қатыстыруға мүмкіндік беріп отыр. Барлық қазақстандықтар 24 қараша күні «Хабар» телеарнасы арқылы Ержан Максимге қолдау білдіре алады.

Гүлмира Әлібек, Ержанның анасы:

- Өте үлкен жауапкершілік, еліміздің намысын қорғау деген ол Ержанның кішкентайынан бойына сіңіп қалған қасиеттің бірі. Оны сезінеді, түседі. Өмірде қиналып, шаршап жүргенімен, сахнада барлығын ұмытып, тек қана сол әнді халықтың жүрегіне жеткізуге барын салады

Халықаралық балалар ән байқауы 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында басталады. Жерлесіміз Ержан Максим қатысатын жас әншілер жарысын «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы