388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде заманауи қазақ әдебиетінің орыс тіліндегі антологиясы таныстырылды

  • 179
  • UPD: 21:05, 16.10.2019

Заманауи қазақ әдебиетінің антологиясы Мәскеуде таныстырылды.

Поэзия, проза жинақтарын Мәскеу мемлекеттік университетінің баспаханасы орыс тіліне аударып, басып шығарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбектің тұсаукесер рәсіміне Ресей жазушылар одағының жетекшілері, аудармашылар, әдеби редакторлар мен танымал сыншылар қатысты. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

«Заманауи қазақ мәдениетінің әлемдегі орны» жобасы аясында қазақтың әдеби шығармалары бірнеше тілде басылды. Тұңғыш рет поэзия мен проза жанрында қалам тербеген 60 автордың еңбегі БҰҰ-ның ресми 6 тіліне тәржімаланды. Антологиялардың тұсаукесер рәсімі Мадрид, Париж және Лондонда өтті.

Аида Балаева, ҚР Президентінің көмекшісі:

- Ең бастысы – әдебиетімізді үлкен оқырманға жеткізу. Ол мақсатка жеткен сияқтымыз. Ең белгілі авторларымыз оның ішінде жас буын да бар, орта буын да бар, классиктеріміз де бар. Сол кісілердің туындылары арқылы еліміз туралы кең мағлұмат алады деп сенемін. Әдебиет арқылы ұлттың болмысын, мінезін, дәстүрін білуге болады деп сенемін. Сол мақсатка жеткен сияқтымыз.

Әр антология шамамен 500 беттен тұрады. Жинаққа енген шығармалар Ресей, Ұлыбритания, Франция, Испания, Мысыр және Қытайдың жетекші баспаханаларының қатысуымен аударылған. 

Александр Веракса, ММУ баспа үйінің директоры:

Бұл жұмысқа Мәскеу университеті қатыстырылғанына өте ризамыз. Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі жас буынды тәрбиелеу, яғни оларды үлгі тұрарлық мәдени жетістіктермен таныстыру болып отыр.

Қазақ әдебиетінің антологиясы әлемнің 70 мемлекетіне таратылады. Бұл осы елдерде тұратын 2,5  млрд халық біздің төл әдебиетіміздің жауһарларымен сусындай алады деген сөз.

Владимир Бояринов, РФ Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы:

- Ақын немесе дарынды жазушы сөз айтқанда, оның үні халыққа естіледі, өйткені ол ерекше бейнелеп сөйлейді. Бұл оқырмандардың қаны мен жанына сіңеді. Ең бастысы оқырманын табу. Сол себептен, бүгін осы залда отырған 100 адам осы әдебиетке төселіп, біздің кітаптарымызды алып жатыр. Халық мұны естіп, артынан ереді.

20 мың дана тиражбен басылған антологиялардың орыс тіліндегі нұсқасы осы тілде сөйлейтін 14 елдің 3500 кітапханасы, университеті мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы