430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық жас дизайнерлер халықаралық сән апталығында өз топтамаларын көрсетті

  • 1200
  • UPD: 18:03, 17.10.2019
Қазақстандық жас дизайнерлер халықаралық сән апталығында өз топтамаларын көрсетті

EURASIAN FASHION WEEK-пен бірге қазақстандық дизайнерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған «ALTYN OIMAQ» байқауының жеңімпаздары EURASIAN FASHION WEEK халықаралық сән апталығында өз топтамаларын ұсынды.

EFW подиумында алғаш рет өз топтамаларын апалы-сіңлілі Бота мен Айя Қырғызбаевалар, Әсел Хайрулла, Эльмира Битуреева және Айдан Кәрім көрсетті.

EURASIAN FASHION WEEK – бұл бүкіл Еуразиялық континент елдерінің сәні мен стилін көрсететін, әлемдік деңгейдегі дизайнерлердің басын қосатын және сән индустриясында жаңа есімдердің пайда болуына ықпал ететін жаңа халықаралық алаң.

«ALTYN OIMAQ» жобасы аясында қазақстандық жас дизайнерлер осындай маңызды алаңнан өздерін көрсетуге мүмкіндік алды. Олардың барлығы сән көрсетіліміне риза екендерін білдірді. Әрбір дизайнер өзінің жұлдызды сағатына мұқият дайындалған, нәтижесінде бәрі ойдағыдай болды. Сән кеші Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО-ның Конгресс-орталығында өтті.

Павлодарлық дизайнер Айдан Кәрім – өте нәзік тұлға. Ол 15 жастан бастап қайырымдылықпен айналысады, жан-жануарларға, адамдарға көмектесіп, қоршаған орта мәселелеріне алаңдайды. Жақында ол Inclusive Content Lab-ке жас эко-белсенді ретінде өтінім берді және экологияны жақсарту бойынша өз жобасын ұсынбақ.

Осы ниетімен Айдан қоршаған ортаға зиян тигізбейтін киімдер топтамасын шығаруды жоспарлап жүр. 24 жастағы жас дизайнердің жарнама саласында өз кәсібі бар.

Елордадағы сән апталығы туралы айта отырып, іс-шараны өз ережесі болса да, топтамасын өзінің қалауымен көрсетуге рұқсат берген ұйымдастырушылардың икемділігін атап өтті.

«Бұл топтама 27 бейнеден тұрады және ол «Қала батырлары» деп аталады. Күн сайын әйелдер өз қорқыныштары мен құқықтары үшін күреседі. Мен адамдар өзін мықты сезінетін киімдер топтамасын жасағым келді. Киім үлгісі әйел адамның мықтылығын көрсетеді. Сондай-ақ бейнеде дөрекілік жоқ. Киімдердің жеңін, сондай-ақ белдігін алып тастап, әр түрлі етіп киюге болады. Мен бұл бейнелерді бір жыл бұрын салғанмын. Менде әр түрлі басқа да бейнелер мен дайын үлгілер көп. Кейін мүмкіндік болып жатса, оларды іске асырамын», – деді жас дизайнер. Сонымен қатар ол «ALTYN OIMAQ» байқауына қатысатынын айта кетті.

Әсел Хайрулла киізбен жұмыс істейді. Дизайнер сүйікті ісі туралы былай дейді: «Киізбен жұмыс істеудің ерекшелігі – қайталанбас жұмыс. Бұл қолөнерде жұмыс істейтін нағыз шебер гүлге ұқсас, ол жарқырайды, хош иісті, жағымды жылы эмоциялар береді. Өйткені әлемде қанша түрлі-түсті гүлдер, бояу бар, олар бірегей және олардың әрқайсысы өзінше әдемі. Сондықтан киіз мен үшін хобби емес, ол менің философиям. Киізбен жұмыс істей отырып, таңғажайып, сиқырлы бейнелер жасауға болады».

Сән апталығына топтама дайындаған бойжеткен дәстүрлі тәсілдерді қолдана отырып, киізден табиғи матаны өз қолымен жасады. Бұл киімдердің дизайны күн сайын және ерекше жағдайларда да киюге мүмкіндік береді. Киімде ұлттық ою-өрнек элементтері қолданылған.

Эльмира Битуреева жаңа коллекциясын «ертегі» деп атайды. Мұнда нәзік реңктер басым, бұл жұмыстың нәзіктігін, жұмсақтылығын көрсетеді. Бұл, әрине, таңқаларлық емес, өйткені ол бұл бейнелерді ішіндегі сәбиімен бірге жасады. Аяғы ауыр дизайнер подиумда өте нәзік көрінді.

«Барлығы жоғары деңгейде өтті: әдемі декорациялар, фуршет, фотографтармен баспасөз қабырғалары өте тартымды болды», – деді Эльмира Битуреева.

«Менің коллекциямның осындай деңгейде ұсынылғанына қуаныштымын және мақтанамын. Бұл менің алғашқы көрсетілімім болғандықтан, әрине қобалжыдым. Көрсетілім нәтижесіне ризамын. Менің жақындарым мен үшін қуанып, мені қолдап отырды. Мен үшін бұл – керемет тәжірибе, алғашқы қадам. Мұндай сәттер менің өмірімде көп болатынына сенемін», – деді ол.

Бота мен Айя Қырғызбаевалар - сән көрсетілімдеріне бірнеше қатысып жүрген дизайнерлер. Олардың «BotAya» атты киімдер топтамасында әр түрлі түстер керемет үйлесім тапқан. Топтаманы жасау кезінде негізінен табиғи материалдар, сонымен қатар қолмен жасалатын пэчворк стилі, кестелеу, өру әдістері қолданылған.

Айя зығыр, кашемир, мақтадан жасалған табиғи материалдардан спорттық стильдегі «Go» топтамасын дайындаған. Бейнелердің бірі қала қабырғасындағы граффити суретті еске түсіретін авторлық принті бар пәлте болып табылады және ол арқасына тігілген сөмкемен жобаланған. «Мұндай бейне сыртқы келбетімен ерекшеленуге құмар адамдар үшін жасалған», – дейді ол.

Бойжеткен жоба ұйымдастырушыларының, сондай-ақ модельдер, режиссерлер мен әрлеушілердің еңбегін атап өтті.

Ал Бота өз топтамасында әр ұсақ бөлшекке мән берген. Дизайнер қазақтың құрақ әдісін, авторлық керамикалық түймелерді қолданған.

Ол өз топтамасын сән бағалаушыларына ұсынуға мүмкіндік берген байқауға алғысын білдірді. «Подиумға шығып, шығармашылығыммен бөлісіп, әлемді әдемі ете алатыныма қуаныштымын», – деп толықтырды сөзін Бота.

«ALTYN OIMAQ» жобасын ұйымдастырушылар бұл үлгідегі серіктестік алаңдардың маңыздылығын айта келе, елдегі сән индустриясын дамытуға, жаңа брендтердің қалыптасуына, сондай-ақ жас дизайнерлердің шеберліктерін шыңдай түсуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы