387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бабалар ізімен: ХІ ғасырда қыпшақ хандары Киев княздарына үстемдік көрсеткен

  • 236
  • UPD: 23:28, 17.10.2019

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы араға жыл салып, Украина жеріне тағы ат басын бұрды.

Себебі Днепр өзенін бойлай орналасқан шаһарда бабаларымызға қатысты тарихи дерек көп.

Орта ғасырларда Алтай таулары мен Дунай өзенінің арасы Дешті «Қыпшақ даласы» деп аталғаны тарихтан белгілі. Дегенмен славяндар бұл өлкені «Половецкое поле» ал мұнда мекендеген халықты «половцы» деп атады. Олар негізінен Днепр өзенінің сол жағалауын жайлай орналасып, сол кездегі Киев княздарымен алыс беріс жасаған. Тіпті тайпалардың арасындағы тыныштықты сақтау мақсатында қыз алысып, туыстық байланыс орнатқан. Енді мына тарихи деректі қараңыз. Шамамен 11-ғасырдың соңғы он жылдығы. Днепірдің сол жағалауында мекендеген қыпшақтар көршілес Киев княздарына үстемдік көрсетіп, жиі шабуыл жасайды. Осы шапқыншылықты азайту мақсатында сол кездегі Киев князы Святополк қыпшақ басшысы Тұғырханның қызын алады. Есесіне Киев маңайынан малға жайлы жер береді. Десе де 1096 жылдың көктемінде Тұғырхан Переяслав қаласына шабуыл жасайды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Тарихи деректерге қарағанда 11-ғасырдың аяғында Переяслав қаласына шабуыл жасаған Тұғырхан садақ оғынан жарақат алып, майдан алаңында қаза табады. Дәл осы соғыста өзінің басты қарсыласы әрі өзінің туған күйеу баласы болған Святополк оның мәйітін алып өзі басқаратын Киев маңайына, нақтырақ айтсақ, дәл қазір біз тұрған Берест жанындағы Спас шіркеуінің жанына әкеліп жерлеген. Дегенмен бүгінге дейін бабамыздың мәйіті нақты қай жерге қойылғаны табылмай келеді.

Михаил Сагайдак, Украинаның ұлттық ғылыми академиясы, киев археологиялық орталығының директоры:

– Жылнамада көрсетілген дерекке қарағанда Тұғырханның мәйіті Киевке әкелінген. Оны ескі Киевтен шығатын жол мен шіркеуге апаратын жолдың қиылысында жерлеген. Бірақ жазбада қай шіркеу екені нақтыланбаған. Ал бұл жерде екі шіркеу бар. Оның бірі қазір біз тұрған Киево-Печерской лавр, екіншісі батысқа қарай бір шақырымдай қашықтықта орналасқан Кловский шіркеуі. Екеуі де орта ғасырларда салынған. Сондықтан Тұғырханның жерленген жеріне қатысты зерттеушілер арасында түрлі пікір бар. 

Ал мынау ескі Киевтің салтанатты кіре берісі саналған «Алтын қақпа». Биіктігі 40 метрдей. Шамамен бір мың 36-жылы салынған. Сол кездегі княздар көшпенді тайпалардың шабуылына тойтарыс беру үшін мұның маңайына қорған салған. Алайда Тұғырханның славяндармен соғыста қаза тапқанын естіген қыпшақ билеушісі Боняк бірден Киевке жорық жасап, шаһардың күл талқанын шығарған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Баняк ашуланған. Келіп, Киевті жағып жібереді. Одан кейін де екі-үш рет келіп жағып кеткен. Оның артынан баласы да 1151 жылы орыстардың жылнамасында «Севинш» дейді, біздің айтуымыз бойынша Сүйінші аты. Ол 1151 жылы келіп Киевті шапқан.

Днепрдің ортасында орналасқан Труханов аралы – киевтіктер үшін қасиетті жер. Ежелде княздар мұнда мәртебелі меймандарын қабылдап, келіссөздер жүргізген. Кейбір дереккөздерде бұл жердің атауын Тұғырханның есімімен байланыстырады. Себебі Тұғырханның Киев князы Святополкке тұрмысқа шыққан қызы дәл осы аралда тірлік кешкен. Тіпті Тұғырханның өзі де ара кідік қызына келіп тұрған деген деректер бар.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы