389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ұлы дала рухы» концерті АҚШ көрермендерінің көңілінен шықты

  • 160
  • UPD: 23:42, 18.10.2019

Қазақ ұлттық өнер университетінің шығармашылық ұжымы Нью-Йорктегі әйгілі Карнеги-холлда өнер көрсетті. «Ұлы дала рухы» деп аталған концерт американдық көрермендердің көңілінен шығып, зор қошеметіне бөленді.

Бұл сахна музыка мен кино, тіпті саясат тарихында терең ізін қалдырған. Карнеги-холлда Уинстон Черчилль және Теодор Рузвельт сөз сөйлеген, Чарли Чаплин «Балдырған» фильмінің  тұсаукесерін өткізді. Ал аты аңызға айналған  «Битлз» 1964-жылы екі бірдей концерт берген.  Атақты скрипкашымыз Айман Мусахаджаева да Карнеги-холл бірнеше рет өз өнерін көрсеткен. Ал енді бұл сахнаға шәкірттері - студенттердің Еуразиялық симфония оркестрі, скрипкашылардың «Каприччи» және домбырашылардың «Шабыт» ансамбльдері шығып отыр. Концертті ашқан БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров музыканттарымыздың бұл орындауы Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналғанын атап өтті. 

Пол Честер, Манхэттен тұрғыны:

- Маған концерт ұнады. Қазақстандық музыканттарды тұңғыш рет көрдім. Әсіресе оркестр үлкен әсер қалдырды. Жас болғанымен, ұлы композиторлардың туындыларын өте кәсіби және шебер орындаған. 

Анна Арцибашева, Нью-йорк тұрғыны:

-Маған домбырадағы ойын ең ұнаған. Ешқашан осындайды көрген емеспін. Маған соншалықты әсер еткені сондай, тіпті тынысым тарылып қалды. 

Барлық көрермендер концерттен ерекше сезімге бөленіп шықты. Әсіресе Пабло Сарасатенің «Наварра» шығармасын орындаған халықаралық конкурстардың лауреаты Жібек Мұсырғалиеваның шебер өнері жұрттың таңдайын қақтырған. Қазақстандық әрістермен бірге Израиль скрипкашысы Шломо Минц және америкалық Самуэль Небью де концертке қатысты. 

Элизабет Браун, БҰҰ әйелдер клубының өкілі:

- Тамаша концерт! Жас музыканттарыңыздың өнері - елдеріңіздің зор қазынасы. Таңқаларлық музыка! Қазақстан мәдениеті жарқын әрі бай екен. Осы ұжымның концерттерінде бұрын да болғанмын. Бірақ әрқашан да шеберлігіне сүйсінуден жалықпаймын. 

Қазақстандық музыканттардың Америкадағы гастрольдік сапары әрі қарай жалғасады. Олар Нью-Йорктың тағы бір беделді сахнасы - Симфони Спейсте концерт беріп, кейін Филадельфияға ат басын бұрады. 

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы