419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Киевте Қазақстандағы украиналықтар жайлы фильм жарыққа шықты

  • 442
  • UPD: 19:22, 19.10.2019
Киевте Қазақстандағы украиналықтар жайлы фильм жарыққа шықты

Киевте Қазақстандағы украиналықтардың тағдыры әрі олардың тарихы жайлы деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кинокартина Қазақстан мен Украина қалаларында түсірілген екен. Деректі фильмге негізінен 1947 жылы «Батыс» операциясы кезінде қазақ жеріне мәжбүрлі түрде депортацияланған украиналықтардың ауыр тағдыры арқау болған.

Тар вагонда тұншығып, туған жерінен табан аударған Украина адамдары, қатыгез режимге көне алмаған көгөрім балалар, «халық жауы» атанған ел азаматтарының арманы, Қарлагтағы қасірет – деректі фильмге арқау болған ақпарат. «Үш Иван. Қазақстандағы украиналықтардың тағдыры» кинокартинасы Батыс Украина, Львов, Киев қалалары мен Қазақстанның Қарағандысында түсірілген. Көптеген құнды архив, 1947 жылы «Батыс» операциясының құрбаны болған жандардың сырлы сұхбаты деректі фильмнің құндылығын арттырған.

Марина Ткачук, «Три Ивана. История украинцев в Казахстане» фильмінің режиссері:

Біз көрерменге украиналықтар Қазақстанда қалай өмір сүріп жатқанын көрсеткіміз келді. Фильм танымдық бағытта түсірілген. Қазақстан мен Украина халқының тарихы ортақ: біз аштықты да, темір торды да, соғысты да бірге көрген халықпыз. Сондықтан бір-бірімізге айтарымыз әлі де көп. Бұл фильм халықтар достығын арттыра түседі деп ойлаймын.

Павел Казанцев, «Три Ивана. История украинцев в Казахстане» фильмінің продюсері

Қазіргі күні Украинаның ең үлкен диаспорасы Қазақстанда өмір сүреді. Бұл жаңалық бізді де таңқалдырды. XX ғасырдағы халық депортациясы, аштық украиналықтарға ауыр соқты, олар туған жерінен табан үзді. Дегенмен, қайта оралуға қазір мүмкіншілік болса да, көптеген Украина азаматтары Қазақстанда қалып, осы елді екінші Отаным деп есептейді.

Анна – фильмді толығымен тебіреніп көріп шыққан көрермен. «Дәл осындай тұщымды дүние көптеп көрсетілу керек деп ой түйеді», - дейді Киев тұрғыны.

Анна, көрермен:

Фильм жанымды ауыртқаны рас. Бабалар тарихын құрметтеп, барымызды бағалау үшін дәл осындай деректі фильмдер мектеп қабырғасында көрсетілуі керек деп есептеймін.

Деректі фильм 2018 жылы Украинаның мәдениет министрлігі жүргізген «Патриоттық бағыттағы киножобалар» конкурсының жеңімпазы атанған. Нәтижесінде деректі кинокартина толығымен мемлекет қазынасынан қаржыландырылған екен.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы