388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Музейдегі түн» эстафетасы Баянауылдағы Қаныш Сәтбаев музейінде жалғасты

  • 193
  • UPD: 12:19, 21.10.2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Музейдегі түн» эстафетасы Қаныш Сәтбаев мемориалдық музейінде жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл атақты ғалым, пайдалы қазбалар құпиясын ашқан әйгілі геолог, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатыр. Дара тұлғаның өмір жолына арналған шаралар туған жерінде де ұйымдастырылды. Соның бірі – Баянауыл ауданындағы жалпы орта мектептер арасында жарияланған «Сәтбаев ашқан ірі жаңалықтар» атты бейнероликтер мен еркін тақырыптағы ғылыми жобалар сайысы.

«Музейдегі түн» акциясына келушілер назарына 7 ғылыми жоба мен 4 бейнеролик ұсынылды. Соңғысы қазақ ғылымының негізін қалаған тау тұлғаның ғылыми еңбектеріне негізделген. Өз жобаларында оқушылар су ресурстарын тиімді пайдалану, топырақ құрамын зерттеу, баламалы қуат көздері мен туризмді дамыту жолдары сияқты жаһандық мәселелерді көтерді. Сонымен қатар Сәтбаев каналының маңыздылығы мен оны сақтап қалудың өзектілігі кеңінен қамтылған. Қазылар алқасының шешімімен Жаннұр Жүнісбекованың жобасы үздік деп танылды. Барлық қатысушылар алғыс хат және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Ерәділ Түсіпбаев, тарих пәнінің мұғалімі, қазылар алқасының мүшесі:

Осы жерден талай ғалымдар, талай ақындар шығады деп ойлаймын. Жаңағыларды қарап отырсақ, балалар өзгеше балалар, сыннан өткен балалар. Жаңа мүдірмей айтып тұр. Мысалы «Ертіс» каналын айтып жатыр. Мінекей, мынау көбі біле бермейтін Баяндин Нығыман Ыбырайұлы топырақтанушы ғалым, сол кісіні қорғап жатыр.

Аружан Қайыргелді, оқушы:

Осы ролигімде мен Қаныш Сәтбаевтың еңбегі туралы жазған болатынмын. Еңбегі туралы бейнероликтер, оның қай жерде қызмет еткенін, қандай еңбектері бар. Қазақстанның болашағы үшін қандай істер жасағанын жаздым. Ол кісі Ұлы Отан соғысы кезінде Жезқазған мыс кен орнын ашқан. Бұл орын әлемдегі мыс кенінің ең үлкен жері болып табылғаннан кейін оның осы еңбегі әскери ерлік деп саналды. Ол осы ерлігінің арқасында Лениндік сыйлықты алды.

Хабар 24 телеарнасы