426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде Ұлы даланың ұлы есімдері ұлықталды

  • 886
  • UPD: 09:41, 20.10.2019

Семейде Ұлы даланың ұлы есімдері ұлықталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 20-ға жуық тұлғалық музейлер көрме өткізіп, өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойды. Абайдың мемлекеттік қорық музейі ұйтқы болып, тұңғыш рет өтіп отырған жиында Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында айтылған міндеттер жайында жан-жақты әңгіме өрбіді. 

Қазақтың бас ақынының мұражайында бүгін ерекше абыр-сабыр. Семейліктер бір күнде бүкіл Қазақстан музейлерін аралап шығуға мүмкіндік алып отыр. Түркістаннан Қожа Ахмет Ясссауи, Ақтөбеден Әлия Молдағұлова, Талдықорғаннан Мұқаметжан Тынышпаев сияқты көрнекті тұлғалар жайлы құнды дерек, көне жәдігерлер көрермен назарына ұсынылды. Барлығы 20-ға жуық музей өкілдері бас қосқан. 

Марғұлан Оспанов, Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музей директоры:

- Қазақтың қос Ибрахимы бүгін міне, бір жерде тоғысқандай болып отыр. Қос ағартушымыз ұлы Ыбырай Алтынсарин мен ұлы Абай Құнанбайұлы бүгінде өмірде кездеспеген оқиғасын біз қазір кездестіріп отырған сияқты әсерде отырмыз. Тәжірибе алмасу мақсатында, ортақ қарым-қатынас орнату үшін бүгін ынтымақтастық меморандумға қол қойып үлкен жұмысты бастап отырмыз.

Бұл шараны былтыр құрылған «Қазақстанның аса көрнекті тұлғалары» музейлер бірлестігінің ұйымдастырып отыр. Бірлестікке 60-қа жуық мәдени мекеме мүше. Басқосуда музей жұмысын заман талабына сай жандандыру, ұлттық тарихымызды түгендеудегі түйткілдер де әңгіме өзегіне айналды. 

Жандос Әубәкір, Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры:

- Біздің басты мақсатымыз қазақтың ұлы тұлғаларын, қазақ елінің белгілі адамдарын болашақ ұрпаққа насихаттап, олардың мұраларын жан-жақты елге тарату, насихаттау бағытындағы жұмыстар. Болашақта бірлескен көрмелер жалғасын таба береді. Сонымен бірге Абай музейі өзге де музейлерге өзінің жәдігерлерін апарып, Абайдың мұрасын Қазақстанның әр жеріне насихаттау бойынша өз жұмысын жалғастырады. 

Жиналғандар «Абай халық жүрегінде» атты көрме залының ашылуына куә болды. Семейге келген қонақтар Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйін, Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесін де аралап көреді.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы