387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бабалар ізімен: Киев маңындағы Сквира қаласы қыпшақ ханы Тұғырхан ұрпақтарының билігінде болған

  • 195
  • UPD: 16:27, 23.10.2019

Бүгінгі Киев маңындағы Сквира қаласы 16-ғасырға дейін Қыпшақ ханы Тұғырханның ұрпақтарының билігінде болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тіпті дәл осы аймақтағы «Бакожин» деп аталатын тарихи қалашықта Тұғырханның сарайы орналасқан. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы аталарымыз мекен еткен жерлерді аралап, тарихымен тереңірек танысты.

Сквира қаласы. Киев облысындағы Сквир ауданының орталығы. 1090 жылдары Киев князы Святополк екінші қыпшақ ханының қызына үйленіп, Киев маңындағы осынау жерді Тұғырханға сыйға тартады. Мұнда Тұғырхан өзіне сарай салдырған. Тіпті бұл сарайдың көрінісі қаланың алғашқы таңбасында бейнеленген.

Оксана Полещук, Сквир аудандық өлкетану музейінің директоры:

– Мұнда қаламыздың үш түрлі таңбасы көрсетілген. Ең алғашқысы 1591 жылы жасалған. Онда қыпшақ ханы Тұғырхан салдырған сарай бейнеленді. Ол отбасымен бірге осында тұрыған. Сарайда ұлы Кариман дүниеге келеді. Кариман аймақтағы қыпшақ әулиеттерінің негізі саналады. Өйткені соның тұсында Половец, Тұғұрхан, Ружынский тегін алған әулиеттер пайда болды. Тіпті бүгінге дейін ауданымызда Великое Половецкое деген елді мекен бар.

Тұғырхан салдырған Бакожин қалашығының орны бүгінгі Бука ауылының іргесінде. Мемлекет қамқорлығына алынып, белгі қойылғанымен терең зерттелмеген. Сондықтан ескі қала орны қалың орманға айналыпты. Десе де жергілікті музейлерде бабаларымызға қатысты жәдігер аз емес. Мәселен, Чернигов қаласындағы тарихи музейге қойлыған ат әбзелдері мен жауынгер қылышы қарапайым құрылыс жұмыстары кезінде табылған.

Виктория Мудридская, Чернигов қалалық тарихи музейінің бөлім меңгерушісі:

– Табылған жәдігерлердің ішіндегі ең негізгісі – жауынгер қылышы. Онда жазу немесе қандай да бір таңба болған. Бірақ қатты зақымданған. Сондай-ақ ауыздық, үзеңгі және садақ оғының ұштары, сауыттың қалдықтары табылды. Археологтар олар 12-13 ғасырларда осы аймақта мекендеген қыпшақтарға тиесілі деген байлам жасады.

Ал Переяслав қаласындағы халық сәулеті музейінің кіре берісінде бабаларымыз қаза болған адамның қабіріне қойған тас мүсіндер қаз-қатар тізіл тұр. Барлығы көшпелі қыпшақ тайпаларының қорымдарынан табылған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– 11-ғасырдың басында біздің бабаларымыз қыпшақтар Украинаның оңтүстік жағы мен Кавказдың солтүстік жағы деп айтуға болады, осы жерлердің бәрін иемденді, жерленді. Менің сол жағымда тұрған балбалдар 8-9-10 жылдарға дейінгі осында түрік тайпаларының келгенін білдіреді. Мұнда келген печенегтер болы. Ғұндар болды. оның алдында сақтар болды. Ал менің оң жағымдағы балбалдар 11-12-13 ғасырда қойылған тастар.

Ашық аспан астындағы музей қорықта көшпенділердің кұрбан шалып тәңіріне құлшылық ететін киелі жері де бар. Бұл ескерткіштер 1980 жылы Запорож облысында табылған. Тарихшылардың дерегінше, Қорым үстінде әулиенің, айналасында құлшылық кезінде құрбандыққа шалынатын жан-жануарлардың мүсіні қойылған. Жергілікті археологтардың айтуынша, Переяслав маңында осындай үлгідегі 500-дей төбе бар. Олардың қандай сыр сақтап жатқаны әзірге беймәлім.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы