387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық шеберлер Париждегі Art Shopping көрмесіне қатысты

  • 186
  • UPD: 15:18, 21.10.2019

Бейнелеу өнерінің жанашырлары Париж төріне жиналды. Франция астанасында заманауи өнер апталығы өтуде.

Шараның шымылдығын Art Shopping деп аталатын көрме ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда танымал қылқалам шеберлерімен қатар осы саладағы жаңа есімдерді де кездестіруге болады. Бұл шараға алғаш рет қазақстандық шеберлер де қатысты.

Art Shopping көрмесі әлем жауһарлары жиналған Лувр музейі жанында орналасқан. Жалпы бұл қылқалам шеберлерінің кез келгені қатысуды армандайтын шаралардың бірі. Алайда, оған бәрі іліге бермейді. Себебі шара ұйымдастырушылары ең ерекше дегендерін ғана іріктеп алады. Көбіне тек жеке галереялар шақырылады. Ал таңдалған галереялар тек өздерімен жұмыс істейтін қылқалам шеберлерінің жұмыстарын ұсынады екен.

Расим Микаели, галерея иесі:

Осындай шараларға қатысып, өз еңбектеріңді көрсету керек. Себебі, бұл суретшілер өмірінің бір бөлігі.

Art Shopping-ке алматылық танымал мүсінші Эдуард Казарян да қатысуда. Әріптестерімен бірге жүрген ол бұл көрмеге бірінші рет келуі емес. Айтуынша, көрменің ең маңыздысы, қатысушылар қатарының көп болуы. Себебі олардың арасында сыншылар мен өнертанушылар болады. Ал олардың берген бағасы суретішінің ары қарай ілгерілеуіне мүмкіндік береді. Әрине, қара бастың қамы үшін қоладан жасалған мүсіндерді сатып жіберуге де болады. Бірақ суретші үшін бұл басты мақсат емес.

Эдуард Казарян, мүсінші:

Маған ауқымды жоба немесе экстерьерлік мүсін жасау үшін алдымен концепция құру маңызды. Әрине, адамдардың көрмеге келуі өте маңызды. Сенің еңбегіңді бағалап, жеткізбек болған ойыңды түсінгенде олар жаныңа жақындай түседі.

Өнер жолын енді бастаған алматылық суретші Роза Жанабаева бұл көрмеге күтпеген жерден қатысып отыр. Art Shopping ұйымдастырушылары Розаның еңбектерін ғаламтор беттерінен көріп қалып, оған шақыру жіберіпті. Көркем сурет өнерімен айналысқанына көп болмаса да, арнайы білімінің жоқтығына да қарамастан, Роза бейнелеген табиғат көріністері ең беделді арт алаңдардың біріне қойылды.

Роза Жанабаева суретші:

Бүгінде әлемде жануарлардың құрып кету мәселесі өте өзекті. Жабайы табиғат мекендеушілерінің көбі Қызыл кітапқа енген. Сондықтан мен өз еңбегімді осы тақырыпқа арнадым.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 2 мыңнан астам суретшінің туындыларын өнер сүйер қауым мен коллекционерлер бірнеше күн бойы тамашалай алады. Ұйымдастырушылардың болжамынша, оған 50 мың адам келеді деп күтілуде. Дәл осы алаңның арқасында қатысушылар түрлі көрме мен галереяларға шақыру алады.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы