387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында рухы биік қос ақынға ескерткіш орнатылды

  • 185
  • UPD: 23:15, 21.10.2019

Индерде қазақтың төкпе жырауы Мұрат Мөңкеұлы мен қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовқа ескерткіш орнатылды.

Аудан ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығы көптен күткен бұл рухани дүниеге халық жоғары баға берді. Өршіл рухты ұлдарын әспеттеген елдің ортасында біздің тілшімізде болып қайтты.

Мұрат Мөңкеұлының рухқа толы отты өлеңдері халық жадында мәңгілікке сақталды. Еліміздің тәуелсіздігін аңсап жыр толғаған майталман жыршы, термеші ретінде Мұрат Мөңкеұлы халық арасында кең танылған. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов ол ғасырдың ақын-жырауларына «зар заман ақындары» деген баға берген еді.  

Мереке Құлкенов, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:

- Біздің елімізді, жерімізді орыс патшалығы басып ала бастаған кездегі ең үлкен рухани бұлқыныс осы біздің Мұрат Мөңкеұлының жырларынан байқалды. Оның «Үш қияны», «Сары арқасы»  басқа да жырларының бәрі жанталасып өзімнің елімді, жерімді, ұрпағымды қалай сақтап қаламын деген сөздерді айтқан керемет жырлар. Әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ.

Ұрпаққа үлгі боларлық тағы бір сәулетті ескерткіш қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовқа арналған. Табылдының жырлары мен әндерін білмейтін қазақ жоқ. «Қыр баласы қол созады аспанға» деп биіктікті аңсаған Табылдының мұрасы өскелең ұрпаққа рухани азық болары ақиқат.   

Жеміс Тілепқалиева, Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Халық оң бағасын беруде. Әлі де біздер ауданымыздың төрінде басқадай ескерткіштер орнатқымыз келеді. Болашақта Махамбет бабаға арналған үлкен композициялық қойылым қою ойда бар. Жалпы, бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес өтіп жатқан игілікті істер.

Ұлтымыздың ұлағатты тұлғаларына ескерткіш қою арқылы өскелең ұрпақтың бойына рухани тәрбие қалыптастыру - бүгінгі заман талабы. Өйткені халқына өлмес мұра қалдырып кеткен қос ақын да көзі тірісінде елін, жерін жырлап өтті. 

Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы