Алматыда халықаралық жыршылар фестивалі өтті. «Ұлы дала елі» деп аталған өнер додасына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, тіпті Иран елінің жыршылары да қатысты.
Этнофестивальде түркі әлеміне белгілі жыр-дастандардан үзінділер орындалды. Әр өнерпазға 10-15 минут уақыт берілді. Ал, тарихта белгілі «Манас», «Көрұғлы» сынды жыр-дастандар түпнұсқасында бірнеше күн жырланатын болған. Мұнда жарты млн-ға жуық өлең жолдарын жатқа айтумен қатар оқиға желісін жеткізу шеберлігі де өте маңызды-дейді жыршылар. Осымен жетінші рет ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» халықаралық этнофестивалінде биыл эпикалық туындылар жырланды. Сонымен қатар, белгілі жыршылар ел алдына өздерінің шәкірттерін алып шықты. Ұстазы бастаған жыр-дастанды, шәкірттері іліп әкетіп, жалғастырды.
Базарбек Атығай, «Ұлы дала елі» халықаралық этнофестивалінің продюсері:
- Түркі халықтарында осы жыршылық дәстүр деген кереметтей кеңінен қанат жайған өнер. Өйткені мына әсіресе эпикалық, батырлық дастандар түркі халықтарының ішінде өте көп. Соның ішінде қазақ халқының өзінде қазір 70-тен астам батырлық эпостар бар. 100-ге жуық тарихи жырлар бар. Сонда біз әлемдегі батырлық дастандардың саны жағынан алдыңғы орындағы халықтың біріміз. Біз енді сол кереметтей асыл мұрамызбен халықты таныстырғымыз келеді.