388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Алтын Орда» кезеңіне жататын тарихи-мәдени ескерткіштер зерттеледі

  • 266
  • UPD: 22:33, 23.10.2019

«Алтын Орда» кезеңіне жататын еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер кешенді түрде зерттелмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан, Болған ана кесенелеріне жерленген адамдардың шығу тегін, жасын анықтау үшін қазір Еуропа елдері мен Жапонияның ең мықты деген ғылыми зертханаларында генетикалық талдау жасалуда. Отандық ғалымдар өткен жылы дәл осы көне мазарларға экспедиция жасап, оны қайта зерделеу қажеттігін айтқан болатын. Игі шара – сол жұмыстардың бастамасы. Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын Орданың» 750 жылдығына орай өткен халықаралық ғылыми конференцияда бірқатар шетелдік және отандық ғалым тың дүниелерімен бөлісті. Бір ғана Болған ана кесенесіне жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде әйел адамның әшекей бұйымдары, киімі, сондай-ақ ортасында қызғалдақ, жиегінде қошқар мүйіз оюы бар таза алтыннан құйылған тостаған табылған. Бұл Ресейдегі эрмитажда тұрған алтын ыдыстармен өте ұқсас. Көне жәдігерлер ғылыми шара аясында көрмеге қойылды. Үш күн ішінде халықаралық конференцияға қатысушылар Ұлытау өңіріне барып, тарихи-мәдени ескерткіштермен танысады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңіріне жасаған сапары кезінде «Алтын Орда» тарихын жаңа көзқарастар тұрғысында зерттеп, насихаттауды тапсырған болатын. Осы мақсатта ауданда бірқатар жұмыс қолға алынбақ.

Берік Әбдіғали, «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасының жетекшісі, тарихшы:

– Біз тек қана Қазақ хандығымен шектелмейміз. Біздің Қазақ хандығына дейін жерімізде бірқатар мемлекет болған. Соның бәрінің мұрагеріміз, соған ие болу керек. Тарихымызды санамызға сіңдіру керек. Шыңғыс хан, Жошы қалыптастырған империяның мұрагері болып есептелеміз. Соған лайықты іс шаралар ұйымдастырып, ескерткіштерімізді қалпына келтірсек, бұл да бір елді мекеннің, ауданның дамуына өз үлесін қосады. Ертең жолдар дұрысталады, туристер келе бастайды. Мұның экономикалық жағынан тиімділігі бар.

Хабар 24 телеарнасы