420,22 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Томирис» фильмінің прокаты 480 млн теңге жинаған

  • 782
  • UPD: 20:56, 25.10.2019

Мемлекет басшысы латын әліпбиінде олқылық барын айтып, мәдениет және спорт министріне тиісті тапсырма берген еді.

Бүгін арнайы брифинг өткізген Ақтоты Райымқұлова тіл мамандарынан құралған топ жаңа әліпбиді жетілдіруге кіріскенін жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек, мәдениет және спорт саласындағы жобаларды жіктеп айтып берді. Келесі жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығы кең ауқымда тойланғалы жатыр. Туризм мен спорт саласын дамыту шаралары да басты назарда.

Тағайындалғанына 4 ай уақыт өткен министр Ақтоты Райымқұлова брифингке барынша дайындалып келген. Алдымен, қуанышты жаңалықтарымен бөлісті. Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-і өседі. Дана Абайдың толық шығармалары 10 тілге аударылады. Ұлы ақын туралы 3 деректі фильм түсіріледі. Айтпақшы, ел ұнатып көрген «Томирис» фильмінің прокаты 480 млн теңге жинаған. «Бұл бюджетке түсетін қаржы», - деп министр қуанып отыр. Одан бөлек, Ақтоты Райымқұлова ханым туризмді дамытуға білек сыбана кіріскен сияқты. «Экотурзимді, этнотуризм мен жағажай туризмін шетелдіктер үшін тартымды қыламыз», - дейді.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Қазақстанға түрлі мақсатпен келушілердің санын 9 миллионға ұлғайту, оның ішінде арнайы саяхаттап келетін туристер санын 3 миллионға жеткізу. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін туристік бағыттардың үздік ондығы, яғни ТОП-10 басым бағыттардың картасы белгіленді.

Шынын айту керек, бұған дейінгі министрлер де туризмді дамытамыз деп талай уәде берген. «Алайда, сырттан ағылып келіп жатыр», дей алмаймыз. Енд туристер барады-ау деген 10 аймақ арнайы картаға енген. Табиғаты тамаша Бурабай, қойнауы тұңған тарих Маңғыстау, шежірелі Шымкент, жанындағы Түркістан, Алматы мен елорданы насихаттау жұмыстары қарқын алады. Ал, енді кино туралы. Биыл қабылданған «Кинематография туралы заң» сала өндірісінің өркендеуіне жол ашыпты. Бұл министрдің сөзі.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Ел қазынасынан жұмсалатын қаржы енді бұрынғыдай емес, бірнеше сатыдан мақұлданған соң ғана бөлінеді. Мәселен, биылғы жылы сарапшылық кеңеске ұсынылған 99 кино-жобаның 60-сы мақұлданып, ведомствоаралық комиссияға жөнелтілді. Комиссия соның тек 18-іне ғана мемлекеттік қолдау көрсету туралы ұсыным жасады. Жыл басынан 9 картинаның премьерасы болды.

Министрдің «дарынды балаларды жан-жақты қолдаймыз» дегені көңілге жақты. Айтуынша, тұрмысы төмен отбасынан шыққан талантты балаларды спорттық үйірмелер мен орталықтарға тарту жұмыстары жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында жас буын арасында бұқаралық спортты дамыту қажеттігін айтқан еді. Осы орайда 100 спорт нысанын пайдалануға беру жоспары бар. Жыл басынан бері 4 миллионнан астам адам қатысқан 40 мың спорттық шара өткен. Оның жартысына жуығы ауылдық жерлерде ұйымдастырылған.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

 

Хабар 24 телеарнасы