422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстауда ісмер әжей қыз-келіншектерді ұлттық өнерге баулып жүр

  • 822
  • UPD: 15:31, 27.10.2019

Маңғыстаулық ісмер әжей Әуес Сағынаева жұмыссыз қыз-келіншектерді ұлттық қолөнерге тегін баулып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін мұндай дәрістер тек Ақтауда өтетін. Енді орталықтан шалғай елді мекендерде ұйымдастырыла бастады.

Шетпе ауылында өткен шеберлік арттыру сабағына отызға тарта адам қатысты. Арасында аудан орталығына жақын қонған ауыл тұрғындары да бар. Курсқа қатысушылар қой жүнінен текемет басу мен сырмақ сыру тәсілдерін бір күнде меңгеріп алды.

Қозының және қойдың күзем жүні иіруге келмейді. Яғни, киім пішуге не көрпе арасына тартуға жарамсыз. Осы себепті текемет-сырмақ басуға қолданылады. Алдымен сумен шайылып, тазарған жүнді сабау керек. Бұл, қолөнерге баулу сабағына қатысушыларға берілген алғашқы тапсырма болды.

Сабалған жүн енді ши үстіне біртегіс жайылуы қажет. Шеберлік курсын өткізуші қолөнер шебері әр қатысушының іс-әрекетін мұқият бақылап тұр. Айтуынша, түйдектелген жүндер әбден жазылып салынуы керек. «Біраз уақыт уақыт алатын болғасын, мұндай қол жұмысын әндетіп атқарған дұрыс» – дейді.

Әуес Сағынаева Маңғыстау ауданына сапары алдында әкімдік пен палата мамандарымен сөйлескен екен. Өйткені, ауылдықтар үшін танымдық дәріс өткізуге біріншіден арнайы орын қажет. Ақылдаса келе жергілікті ісмер Күміс әжейдің киіз басатын сарайына таңдауы түскен. Бүгінгідей танымдық дәрістер енді осы жерде өтіп тұрады.

Әуес Сағынаева, Ұлттық қолөнерді дәріптеуші:

–Тренер бар осыны үйретіп жатқан Қосбаева Күміс деген, мен соны ұйымдастырушымын. Осылай қыз-келіншектерді шақырып жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі мақсатым - дәстүрлі қазақтың қолөнерін жаңғырту және кәсіпкерлікке баулу. 3-4 күн бұрынғы тренингіміз «Кереге таңғыш» тоқудан басталды. Оған Өзен, Тұщыбек, Жыңғылдыдан жан-жақтан қыз-келіншектер келіп, қызығушылықтарын білдіріп сол тренингке қатысып кетті.

Маңғыстаулықтар үшін аңыз тұлға дәстүрлі қолөнерді меңгеруге ниетті жанға өз білгенімен бөлісуге әзір. Ақтаудағы шеберханасына арнайы келе алмайтындар үшін аудан орталықтарын аралауды бастаған. Курстардың өтетін жері мен уақыты әлеуметтік желілерге жарияланады. Осыған сәйкес ауыл әйелдері көптеп келіп жатыр.

Құндыз Серікбаева, Шетпе ауылының тұрғыны:

–Әуес апайдың бастамасымен қыз-келіншектер болып текемет басуды үйретіп жатырмыз. Мен үшін бұл бірінші рет, әр этапын үйрену. Киіз басу қалып бара жатқан дәстүр, таңғыш тоқу дегендер. Шеберлік сабақтары жиі болып тұрғаны жақсы, себебі олар ұмытылып бара жатыр.

Мадина Сукерова, Тұщыбек ауылының тұрғыны:

–Ата-бабамыздан қалған киіз басу өнерін үйретіп жатыр. Соның ішінде текемет басып жатырмыз. Ешқандай қиындығы жоқ. Енді өзіміздің үйренгеніміз келешекте жасап, Тұщыбек пен Шетпеде осындай курстар болса екен деймін.

Түрлі-түсті жүннен ою түскен соң ши бетіне ыстық су себіліп, оралды. Екі шетіне салынған арқанды болашақ шеберлер кезектесіп тартып, нығыздап шықты. Осылайша, «киізі піскен» текеметті күн астына жайды. Бүгін көзге түскендер келер жылы конкурсқа түседі. Өз қолымен бұйым жасап, курстан үйренгенін ісімен көрсетуі тиіс. Ал бастама авторы шеберлік сабақтарын жуық арада Мұнайлы ауданында жалғастырмақшы.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.

Хабар 24 телеарнасы