384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театры Д.Хворостовский атындағы фестивальде өнер көрсетті

  • 180
  • UPD: 22:39, 27.10.2019

Ресейдің Красноярск қаласында Дмитрий Хворостовский атындағы халықаралық фестиваль өтті. Атақты опера әншісінің құрметіне арналған шараға қазақстандық «Астана Опера» театры да қатысып, көремендерін тәнті етті.

Танымал баритон Дмитрий Хворостовскийдің отаны – Сібір төрінде музыка жұлдыздары мен әлемдік дәрежедегі театр ұжымдары жиналды. 10 күнге созылған фестивальдің құрметті қонақтары қатарында «Астана Опера» театрының солистері де бар. Қазақстандық ұжым мұнда үш мәрте өнер көрсетті. Өнерсүйер қауымға ұсынылған бағдарламаның бірі орыс операсының классикасы «Евгений Онегин». 

Алан Бөрібаев, «Астана Опера» театрының бас дирижері:

- Дмитрий Хворостовский атындағы фестивальге қатысу біз үшін үлкен құрмет. Гастрольдік сапарға симфониялық бағдарлама мен Евгений Онегин операсын әкелдік. Себебі дәл осы операдағы Онегин партиясын Хворостовскийдің өзі асқан шеберлікпен орындайтын. 

Дмитрий Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театры көрерменге лық толды. Мұнда сөзін Пушкин, әуенін Чайковский жазған махаббат жырын қазақстандық ұжым өз көрермендеріне өзіндік мән-мазмұнында жеткізді. Режиссер Давиде Ливермор қойған операға көпшілік жоғары баға берді. Басты рөлдерді Талғат Мұсабаев, Сүндет Байғожин, Дина Хамзина мен Жан Тапин сынды Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлер сомдады. 

Лариса Маркосьян, РФ Еңбек сіңірген әртісі:

- Орындау мәдениеті өте керемет, ансамбль де мықты. Классикалық қойылым да бірегей элементтерімен ерекшеленді. Бірінші акттегі Татьянаның образы ғажап.  

Опера классикасынан бөлек қазақ майталмандарының симфониялық концерті де көптің көңілінен шықты. Жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленетін «Астана Опера» симфониялық оркестрі қазақ классиктері мен әлем композиторларының шығармаларын орындады. Сонымен қатар, Красноярск тыңдармандары Төлеген Мұхамеджановтың «Туған жер» атты туындысын да жоғары бағалады. 

Антон Левахин, фестивальдің көркемдік жетекшісі:

- «Астана Опера» ұсынған музыка ауқымдылығымен таңырқатты. Чайковскийдің классикалық туындыларынан бастап қазақстандық заманауи композиторлардың симфониялық музыкадағы жеткен жетістіктерін көрсеткендеріңіз өте керемет болды. 

«Астана Опера» театрының гастролі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Бұл сапар Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстың дамуына сүбелі үлес қосқаны сөзсіз.

Авторы: Максут Меделканов

Хабар 24 телеарнасы