424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ киносы Лондон төрінде

  • 1198
  • UPD: 14:18, 30.10.2019

Біріккен Корольдікте Қазақстан киносының апталығы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Британиялықтарға соңғы жылдарда түсірілген үздік фильмдер ағылшын субтитрларымен көрсетіледі.

«Vue West End» – Лестер-скверде орналасқан Лондонның ең танымал және орталық кинотеатрларының бірі. Дәл осы жерде голливудтық блокбастерлермен қатар қазақстандық картиналар да көрсетіліп жатыр. Қызыл кілемде отандық фильмдердің жұлдыздары. Олардың шығармашылығымен танысып үлгермесе де, британиялықтар басты кейіпкерлермен естелік фотоға түсумен әлек. Шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырғандар: Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігі мен отандық Мәдениет және спорт министрлігі.

Көрермендердің назарына бірінші күні режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» картинасы ұсынылды. Фильм Ауғанстаннан тарихи отанына оралған қазақ отбасы туралы. Көптеген халықаралық марапаттардың лауреаты атанған туындыны кинодраматург, сценарий авторы, кезінде «Менің атым Қожа» фильмінде басты ролді сомдаған Нұрлан Санжар таныстырды.

Нұрлан Санжар, сценарий авторы:

– Менің ойымша, бұл фильм Еуропаға, ағылшындарға және басқа да шетелдіктерге Қазақстанды жаңа қырынан ашты. Өйткені біздің еліміз әртүрлі халықтардың бейбіт өмір сүруге болатындығын дәлелдеп келеді.

Көрсетілімнен кейін пікірталас ұйымдастырылды. Модератор – Линкольн университетінің саясаттану бойынша доценті, доктор Рико Айзекс. Ол «Қазақстандағы фильм және бірегейлік: Орталық Азиядағы кеңестік және кеңестік кезеңнен кейінгі мәдениет» кітабының авторы.

Ғалым киноны қазақ халқының ұлттық бірегейлігін зерттеу үшін таптырмас дүние екендігін айтады.

Рико Айзекс, Линкольн университетінің доценті:

– Бұл – тартымды туынды. Халықаралық аренаға арналып түсірілгендей. Қазақ халқының бірегейлігін және Кеңес Одағы тұсында шетелде өмір сүріп, тәуелсіздік орнағаннан кейін елге оралған репатрианттар мәселесін зерттейді.

Пікірталас аясында көрермендер өздерін толғандырған сауалдарына жауап ала алды, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті.

Саймон Рикман, көрермен:

– Кинотеатрға келгенімде фильмнен не күтерімді білмедім. Сондай-ақ, оның соңы сәтті аяқталады деп те болжамадым. Менің ойымша, туынды Орталық Азияның оң имиджін қалыптастырады, онда тұратын халықтың бауырмалдылығы мен бірлігі туралы баяндайды.

«Оралманнан» бөлек «Анаға апарар жол», «Аманат» және «Шал» драмалары да көрерменге жол тартады. Кино апталығының соңында Канн фестивалінің лауреаты «Айка» фильмінің лондондық премьерасы өтеді. Оны фильмнің басты кейіпкері Самал Еслямова мен режиссер Сергей Дворцевой таныстырмақ.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы.

Хабар 24 телеарнасы