420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузин жазушысының Қазақстан туралы кітабы жарық көрді

  • 971
  • UPD: 18:24, 31.10.2019

Грузин жазушысы Вахтанг Гоголадзенің жаңа кітабы «Қазақстанда» деп аталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаламгер бұл әңгімелер жинағын біздің елге арнады. Ол қуғын сүргін кезінде қарапайым қазақтардың көрсеткен мейрімділігі мен қамқорлығына осылайша өз алғысын білдіріп отыр.

Қиын қыстау кезеңде жазушының ата-анасын Қазақстанға жер аударған болатын. Сол себепті ұлты грузин Вахтанг Гоголадзе  балалық шағы өткен ел туралы кітап жазды. Ауыр кез болғанымен, қазақ халқының қонақжайлығы арқасында бүкіл қиындықтарды еңсерген. Елімізге жылы сезімі мәңгі жадында.

Вахтанг Гоголадзе, жазушы:

– Бүкіл әңгімелерім – өмірде болған оқиғалар. Сол кезде түгіміз жоқ еді, қазақтар бізді паналатып, көмектескен болатын. Бір қазақ ата есімде қалды, қалтасында әрбір грузин баласына кәмпит табылатын. Ол кісі қайтыс болғанда, жерлеуіне барлық бала келіп, еңіреп жылады. Қазақтарды қалай жақсы көрмеймін? Олар бізге көп жақсылық жасады! Жәрдемі үшін алғыс білдіру парызым екенін сездім, қазақты халқым білсін дегенмін.

Кітапты аударып, басып шығаруға Грузиядағы Қазақстан елшілігі жәрдемдесті. Сол себепті тұсаукесер рәсіміне қос елдің әріптестері қатысты. Арасында болған Грузия жазушылар одағының төрағасы мәдени байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Маквала Гонашвили, Грузия жазушылар одағының төрағасы:

– Қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өткен Азия жазушыларының алғашқы форумына қатыстым. Сонда Қазақстан мен Грузия жазушылары арасында ынтымақтастық келісімін жасастық. Келесі жылы қос ел қаламгерлерінің туындыларын аударып, жарыққа шығарамыз. Бұл екі тілде жазылған кітап болады.

Тұсаукесер рәсімінде Қазақстан елшісі де сөз сөйлеп, Кеңес Одағы кезін еске алды. Кішіпейіл әрі мейірімді қазақ халқы келімсектер мен олардың балаларын ажалдан қалай сақтап қалғанын баяндап берді. Басқосуға жергілікті қаламгерлер, оқушылар студенттер, қоғам қайраткерлері мен қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.

Авторы: Юлия Тужилкина.

Хабар 24 телеарнасы