376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Фариза» спектаклі Мәскеуде қойылды

  • 367
  • UPD: 14:50, 02.11.2019

Мәскеудегі «Современник» театрының сахнасында «Фариза» спектаклінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қойылымды драматург Роза Мұқанованың пьесасы бойынша қазақстандық жас режиссер Фархат Молдағали қойған. Тұңғыш рет бұл спектакль Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың сахнасында қойылған. Ресейдегі қойылым бүкілресейлік театр марафонының бағдарламасына кіріп, Қазақстанның Ресейдегі күндері аясында көрсетілді. 

Авторлары «Фариза» қойылымын мистикалық драма жанрына жатқызып отыр. Ақынның өлеңдері сценарийге шебер өрілген. Алайда бұл әдеби кеш те, өмірбаян да емес. Бұл – бас кейіпкердің ішкі дүниесі мен жан сезімін сахнада бейнелеу.

Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

– Біз қашан да ел ерекше қадірлейтін ұл қызы мен бітімі бөлек тұлғасының есімін ұлықтап, мирасын сақтап жүретін халықпыз. Ал сол халықтың музасы, қазақтың Фаризасы болып, мәңгілікке аттанған Фариза Оңғарсынқызы сондай тұлғаның бірі еді.

Айнұр Көпбасарова, қойылым идеясының авторы:

– Фариза Оңғарсынова ақын болуымен қатар, Қазақстанның мәдени астанасы – Алматыға оқуға келген көптеген қазақ қыздарының қамқоршысы болған. Оларды ілгері жетелейтін. Фариза Оңғарсынованы өз шабыты санайтын ізбасарлары көп.

Замандастары тарапынан марапатқа бөлену мен қызғаныш. Достық пен бақталастық. Үлкен табыс пен жалғыздық. Ақынның осының арасында таңдау жасауға мүмкіндігі жоқ. Шығармашылық жолында шабытпен қатар ауыр жүкті да арқалауға мәжбүр. Бұл тағдырдың жазғаны. Ежелгі грек трагедияларындағыдай, ақынның парызы өзгерген жоқ: жан қиналысын жоғары өнерге айналдыру.

Роза Мұқанова, пьеса авторы:

– Әлем әдебиетінде Ахматованың, Цветаеваның, Мандельштам, Блок қандай әлемдік деңгейде болса, Фариза шығармашылығы, Фариза тағдыры, Фаризадағы жұмбақ – біз осыны іздедік. Бұл –Фаризаның арпалысы. Барлық адамға тән ғой арпалысып өту. Қоғам бірде түсінеді, бірде түсінбейді. Атақ, даңқ бола тұра адам өзін жалғыз сезінетін кездер болады.

Фариза Оңғарсынова шығармашылығының негізгі тақырыптары – мәңгі өшпейтін классика. Махаббат пен өшпенділік, ерлік пен үрей, адам жанындағы бүкіл сезімдердің шиеленісуі. Спектакль қазақ тілінде қойылып, көрермендер үшін ілеспе аударма жасалды. Алайда поэзия тілі бүкіл жұртқа аудармасыз да түсінікті болған.

Георгий Пряхин, жазушы:

– Актерлердің осылай жанын салып, ойнағанын көптен бері көрмеппін. Әрине, ең алдымен бас кейіпкерді сомдаған актриса көзге түсті. Тіл білмесем де, спектакльді жаным ашып көрдім. 

Аркадий Дубнов, тілші:

– Қойылымды бір деммен көресің. Поэзияға негізделген спектакльді көріп, уақытты ұмытып қаламын деп ойламап едім. Бұл – керемет. Отанынан алшақ тұратын қазақ көрермендері үшін Ресейдегі ең үздік театрларының бірінде туған тілінде спектакльді көрудің не екенін жақсы түсінемін. Өте күшті әсер алды деп ойлаймын.

«Современниктен» кейін қараша айының ортасында спектакль Нұрсұлтан қаласы «Жастар» театрының сахнасында көрермендер назарына ұсынылады.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев.

Хабар 24 телеарнасы