388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық суретшінің туындысы лондондықтардың таңданысын туғызды

  • 121
  • UPD: 10:43, 02.11.2019

Қазақстандық суретшінің туындысы Біріккен Корольдікте үздік атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

The London Ultra арт-инсталляциялар көрме-байқауында жерлесіміз Урия Джуриктің өнері жоғары бағаланып, ол бас жүлдені иеленді.

31 қазанда Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шығуы тиіс-ті. Бірақ бірқатар себептермен кезекті рет Брексит кейінге шегерілді. Мұндайға еттері үйренген британиялықтардың алаңдап жүргендері шамалы. Керісінше, Хэллоуин костюмдерін киіп көрмелерде қыдырып жүр. Лондондағы арт-инсталляция халықты ерекше экспонаттарымен таң қалдырды. Олардың құны да көпшілікті таңдай қақтырды. Мәселен, қосымша арқылы «жан бітіруге» болатын мына сурет теңгеге шаққанда 6 миллион тұрады. Урия Джурик, өз жұмыстарын әзірге саудалап көрмегенімен, сыншылардың мақтауына ие болды.

Билли Ораферрти, арт-агент:

– Урияның бұл жұмысы маған ерекше әсер етті. Ол басқаларға мүлдем ұқсамайды. Кеңістікті, түстерді, текстураны өте сәтті пайдаланған.

Урияның инсталляциясы жүннен жасалған және тамыр мен жүйке талшықтарын еске салады. Осылайша автор көрерменнің назарын адамзаттың бүгінгі көкейкесті мәселелеріне аудартқысы келді. «Халық технологиялық және экономикалық прогресс көшіне ілесемін деп, табиғатпен және бүкіл әлеммен байланысын жоғалтып жатыр», – дейді суретші.

Урия Джурик, суретші:

– Бір мезгілде біз тек табиғаттан ғана емес, бір-бірімізден де алшақтап барамыз. Яғни, бұл технологиялар бізді біріктіріп қана қоймайды, сонымен бірге ажыратады. Адамдар әлеуметтік желілердегі әдемі фотосуреттерінің артына тығылып, өздерінің жалғызсырап қалғандарын сезбей де қалғандай.

The London Ultra көрме-конкурсының ұйымдастырушылары әлемнің жүздеген елінен келген қатысушылардың арасынан қазақстандық суретшінің еңбегін ең үздік деп бағалап, бас жүлде және 1000 стерлинг фунтын табыс етті. Урия өз жұмыстарында көшпенділердің ежелгі материалы – жүнді пайдалану арқылы Қазақстанның атын беделді халықаралық көрмелерде паш етуді жалғастыра бермек.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.

Хабар 24 телеарнасы