386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Әнші балапан» тележобасы көрерменімен қайта қауышатын болды

  • 127
  • UPD: 23:41, 05.11.2019

«Әнші балапан» телевизиялық жобасы енді «Хабар» арнасында көрсетіледі. 90-жылдардың басында өнерлі бүлдіршіндерді халыққа танытып, олардың біразының танымал әнші болуына жол ашқан халықаралық балалар фестиваліне келер жылы 30 жыл толады.

«Хабар» Агенттігі  осы тележобаны қайта жаңғыртып, айтулы мерекеге дайындықты бастап кетті.

Музыка, шынайы  дауыс, үкілеген үміт және киелі сахна! Бәрі де осыдан 30 жыл бұрыңғыдай. Бірақ бүгінде технология дамып, музыка жанры да өзгерді. Алайда балалардың музыкаға деген құштарлығы төмендеген жоқ дейді «Әнші балапан» жобасының продюсері Ерлан Көкеев.

Ерлан Көкеев, «Әнші балапан» жобасының продюсері:

- «Әнші балапан» телевизиялық жобасы әлі  халықтың есінде. Және бұл халықаралық байқау, ұлттық брендке айналды. 

«Әнші балапан» жобасының бұл жолғы байқауына 45 бала іріктеліп алыныпты. Жас өнерпаздар қазылар алдында  вокалдық мүмкіндіктерін көрсетуде. Бір кездері «Әнші балапан» бағдарламасын қызыға қарап, тіпті оған қатысуды армандаған жеткіншектер қазір ата-ана болды. Енді олар бұл сайысқа өздерінің балаларын әкеліп отыр. 

Меруерт Түсіпбаева, қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл ешқашан өшпейтін сондай үлкен жоба. Бұны дамытып, қайтадан   өркендетіп, көрсетіп көрерменге  қайта беріп жатқанына мен  өзім қатты қуанып тұрмын. Осы балалардың ішінен басым көпшілігі біздің Қазақстанның өнерінің майталмандары, өнерінің жұлдыздары өнерінің жарық бейнесі болады деп, мен айта аламын. 

Бір кездері «Әнші балапан» бағдарламасында алғаш ән айтып, сахнаға шыққан Мадина Садуақасова, Өмірқұл Айниязов, Жанар Дұғалова, Қарина Абдуллина, Алмас Кішкенбаев секілді көптеген жас өнерпаздар бүгінде халыққа танымал әнші болды. Оған қатысушылардың көп болғаны соншалық, 1998 жылғы байқаудың іріктеу кезеңіне еліміздің әр түкпірінен бес бірдей Қанат Ахметов есімді бала келіпті.  Ал  1990 жылдың 6 мамырында  ең алғашқы бағдарламаны таспаға түсірген  теле оператор Қанат Қалматаев, бүгін орталық камераны басқарып тұр. «Әнші балапан» әнінің авторы Марат Омаров араға біраз жыл салып, бүгін оны қайта шырқады. 

Марат Омаров, ҚР еңбек сіңірген артисі:

- Бұл киелі сахнаға жәй адам келмейді. Сондықтан да оларға әрі қарай жол сілтеу үшін жол көрсету үшін өткір, өжет қайсар болып, көзі жанып тұрған балаға жол көрсетіп, қолдау көрсеткім келеді. Сондықтан да мынандай шарт. Өнерпаз болсаң, талантыңды көрсет. Сені бүкіл әлем таниды.

Сонымен қайта жаңғырған «Әнші балапан» бағдарламасы жуырда «Хабар» арнасынан көрсетілетін болады. 

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы