384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда құмаршық дәніне ескерткіш қойылды

  • 232
  • UPD: 23:41, 06.11.2019

Атырауда құмаршыққа ескерткіш қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағылды құмда кездесетін осынау құм өсімдігі Нарын құмының тұрғындарын талай аштықтан аман алып қалған.

Мұнайлы өңірдің халқы киелі дәнге деген құрметтерін осылайша білдірді.

Бұл – мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шара. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі суретшілер, мүсіншілер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ақ шағылды бойлай өсетін құмаршыққа тағзым тегін емес. Ол аштық пен сұрапыл соғыс жылдары дала қазақтарын аштықтан аман алып қалған қасиетті шөп. Құмаршықтың дәнінен атала дайындауға, ал диірменге тартса, ұн алуға болады. «Құнары жүгері мен тарыдан әсте кем емес», - дейді көз көргендер. Әрине, бүгінгі ұрпақ құмаршықтың дәмін білмес. Бірақ оның қасиетін білуі шарт.

Тұрсын Қалимова, белсенді топ мүшесі:

- Менің анам осы ақшағылдағы құмаршықтың дәнін ылғи да айтып отыратын. Осы Фариза апамыз, Нариман ағаларымыздың көзі тірісінде осы ақ шағыл мен құмаршыққа ескерткіш қойылса деген бір тілегі бүгін орындалды. Аға буынның арман-тілегі сол Фариза апамыздың тілегімен ұштасып жатты

Биіктігі төрт метрлік гранит тақтаға құмаршық дәнінің топырақты бойлай таралған тамыры таңбаланған. Ал тұсында қыз баланың бейнесі арқылы суретші сұрапыл аштықтан аман қалған аға буынның бүгінгі жалғасын бейнелепті.

Қоңыр Мұхамедиев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

- Бұл ескерткіш қаншама бір жазылған кітап сияқты, қарасаңыздар. Бәрі көрініп тұр осының. Өте жоғары деңгейде жасалған. Сондай бір ішкі сезім, махаббатпен жасалған дүние. Халықтың игілігіне, осы біздің өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болатын ескерткіш деп есептеймін.

Мұнайлы өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген құндылықтарымыз оралуда. Соның бірі – осы бүгінгі игі шара. Шараны ұйымдастырушылар болашақта соы құмаршық дәнінен тағам дайындаушылар сайысын өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы