387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылды

  • 406
Алматыда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылды

Алматыда аты аңызға айналған композитор Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Айтулы шараға ақын-жазушылар мен өнер майталмандары қатысып, «Қазақ вальсінің королі» жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.

Тұла бойды шымырлатып,туған жеріне деген патриоттық сезімді асқақтататын бұл әнді Шәмші Қалдаяқов қазақтың көрікті жеріне көршілес елдер көз тіге бастаған кезеңде жазды. Ал 2005 жылдан бері қазақтың Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен мемлекеттік әнұранымызға айналған «Менің Қазақстанымды» қазір білмейтін қазақ жоқ. Оның сырлы сезімге толы әуендері әлі күнге жастың да, жасамыстың да аузынан түскен жоқ. Талай буынды әнімен тербеткен дара сазгерге арналып бүгін Алматы төрінде ескерткіш ашылды. Республика сарайының жанында бой көтерген мүсінді Темірбек Жүргенов академиясын бітірген жастар жасады. 

Қанат Қожамқұлұлы, мүсінші:

– Біз мына Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішін жасаған кезде шығармашылық шабыт үстінде отырған сәтін көрсеттік. Байқасаңыздар, қолында қойын кітапшасы бар. Ол кітапшасына өзі ән жазып жүрген. Сол кітапшасын көрсеттік.

Шәмші әндеріне таңдай қаққан шетелдік өнер қайраткері Роберт Файлер «300-ге жуық ән шығару деген ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», - деген екен оның көзі тірісінде-ақ.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:

– 1975 жылы мен Алматы қаласына республикалық конкурсқа келген кезімде әділ қазылар алқасында Шәмші ағамыз болған. Осы байқауда мен топ жардым.

Дарынды композитор еліміз егемендік алғаннан кейін ғана халық әртісі атанды. Оған дейін Шәмшінің әндерімен сусындаған халық сүйікті сазгеріне «Қазақ вальсінің королі» деген атақ беріп қойған. Енді Шәмшімен сырласқысы келетіндер қала төріндегі аллеяда отырған оның ескерткішіне келетін болады. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы