384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондон көшелерімен жүріп өткен қазақ батырлары ұлыбританиялықтарды таң қалдырды

  • 261
  • UPD: 19:57, 10.11.2019

Қазақстан Лондон Сити Лорд-мэрінің шеруінде экономикалық, туристік және мәдени әлеуетін паш етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бойлары екі метрден асатын батырлар мен жастардан құралған джаз-бэнд мыңдаған көрерменнің алдында көк туымызды желбіретіп, өнер көрсетті.

Шерудің басталуына санаулы секундтар қалды. Қазақстандықтар соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Көше жүргіншілері батырлармен суретке түсуде. Оларға Лондонның символы саналатын ескі үлгідегі екі қабатты қызыл автобус және басқа да шеру қатысушылары қызық емес секілді. Барлығының назары қазақстандық көлікте. Әсіресе, әскерилер дән риза.

БЛИЦ:

– Мен өте ерекше әсер алдым. Олар еңселі әрі батыл. Маған батырлардың киімдері ұнайды. Өте әдемі көрінеді. Мен Қазақстанға барсам деймін, сол жаққа саяхаттауым керек деп ойлаймын.

– Қазақстанның шеруге қатысып жатқаны керемет. Әскери қызметіме дейін сәулетшілік өнермен айналыстым. Ертеректе Нұр-Сұлтан қаласында қонақ үйлердің бірін жобалағаным бар. Сондықтан Қазақстанның өкілдерін көріп, қуанып жатырмын.

Шеруге еліміздің атынан ежелгі көшпенді-жауынгерлер бейнесін сомдаған батырлардан бөлек Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің жастар джаз-бэнді де шықты. Олар арнайы жасақталған көлікке жайғасып, классикалық джаздан бөлек қазақтың ұлттық ән-күйлерінен де шашу шашты.

Шеру банктер мен бизнесмендердің кеңселері көп шоғырланған Сити ауданымен жүріп өтті. Ситидің британиялық құқық принциптеріне негізделген Халықаралық «Астана» қаржы орталығының негізінің қалануына қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Көшеге лық толған халық бұл күні Қазақстанның көрікті жерлері мен мол инвестициялық мүмкіндіктері туралы да көліктегі экран арқылы ақпарат ала алды.

Әйгерім Сейсембаева, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің өкілі:

– Қазақстан лондондық Сити Лорд-мэрінің шеруіне биыл екінші рет қатысып отыр. Бірінші рет 2006 жылы бой көрсетті. Ол кезде салт атты көшпенді жауынгерлер болған еді. Біз шеруге бір жыл бойына дайындалдық. Қазақстанды жан-жағынан танытқымыз келді.

Шеру 800 жылдан астам уақыттан бері лондондық Сити жаңа Лорд-мэрінің сайлануы құрметіне өткізіліп келеді. Ол – қала мэрі Садик Хандыкінен бөлек лауазым. Биылғы 692-Лорд-мэрдің есімі - Уильям Рассел. Лондондық Сити корпорациясының басшысы ретінде ол британиялық бизнес пен қаржы секторының жаһандық елшісі қызметін атқарады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы