384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сібір театры Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетпек

  • 172
  • UPD: 12:05, 13.11.2019
Сібір театры Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетпек

Д.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театры «Астана Опера» театрына гастрольдік сапармен келеді.

29 қараша күні театрдың Үлкен зал сахнасында шығармашылық ұжым А.Бородиннің «Князь Игорь» операсын сахналайды, деп хабарлады «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.

1 желтоқсанда елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына атақты хореограф Ю.Григоровичтің қойылымындағы А.Глазуновтың «Раймонда» балеті ұсынылады.

Еске салсақ, жақында ғана «Астана Опера» ұжымы Д.Хворостовский атындағы бірінші халықаралық фестивальде орасан зор жетістікпен өнер көрсетті. 23 және 25 қазан күндері Красноярск опера және балет театрында қазақстандық әртістер П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын ұсынса, 24 қазанда өлкелік филармония сахнасында көрерменге ұлттық және батыс еуропалық классика туындыларынан симфониялық бағдарламаны тарту етті.

Красноярск қойылымындағы «Князь Игорь» операсы – көріністі, ауқымды спектакль, онда әртістердің орасан зор саны өнер көрсетеді. Опера түрлі жарқын хор көріністері мен балеттік нөмірлерге бай, олардың ішіндегі ең танымалдары – «Қыпшақ билері» мен хордың орындауындағы қыпшақ тұтқын әйелдерінің «Улетай на крыльях ветра» әні.

Операның тағдыры бұралаң. А.Бородин оған 18 жыл жұмсап, ақыры аяқтай алмады. Ол қайтыс болғаннан кейін композитор Александр Глазунов өз ұстазының жұмысын соңына жеткізді. «Игорь полкы туралы сөз» шығармасына негізделген Александр Бородиннің (Владимир Стасовтың қатысуымен) либреттосы Юлиана Малхасянцтың редакциясында жазылған.

Сонымен қатар ресейлік ұжым А.Глазуновтың «Раймонда» романтикалық балетіне баруды ұсынады, оның сюжеті жорықтан сүйіктісін күткен қыз туралы рыцарлық аңызға негізделген. Ең көріністі әрі орындалуы жағынан күрделі қойылымдардың бірінде хореограф классикалық би қимылдары арқылы испан-араб және венгр сарындарын балет туындысында шебер жандандыра отырып, классикалық би қозғалыстарымен орта ғасырлық кезеңді суреттейді.

Спектакльде бір күнде екі ұсыныс алған жас қыздың оқиғасы баяндалады – венгрлік рыцарьдің ұлы Жан де Бриен мен сарацин шейхы Абдерахман бойжеткенге сөз айтады. Ол ұзақ жорыққа аттанып бара жатқан Жан де Бриенді таңдайды. Түнде Раймонда ертегі бағында сүйіктісімен жүргені туралы түс көреді. Кенеттен Жан де Бриеннің бейнесі жоғалып, оның орнына шейх пайда болады. Оянған соң түнгі қорқынышы шындыққа айналғанын түсінеді. Абдерахман қызды ұрламақшы болады, бірақ рыцарь дер кезінде келіп, шайқаста шейхты өлтіреді.

Спектакльдердің басталуы 29 қарашада сағат 19:00-де, 1 желтоқсан күні сағат 17:00-де.

Хабар 24 телеарнасы