384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританиялықтар қазақтың ұлттық нақышында тігілген киімдер топтамасына тәнті болды

  • 210
  • UPD: 14:58, 15.11.2019

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жас қазақстандық дизейнерге Ұлыбритания астанасына жол ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эльвира Қажытаева «Silk road fashion show» сән көрсетіліміне қатысып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Алты жыл бұрын Эльвира тігін машинасы мен құрал-жабдықтар сатып алу үшін қазақстандық қордан 2,5 миллион теңге көлемінде грант алғанда, болашақта британиялық көрерменнің қошеметіне ие боламын деп ойламаса керек. Міне, енді ол Лондонға киіз бен жібектен ұлттық нақышта тігілген жеке топтамасын әкеліп отыр.

Эльвира Қажытаева, дизайнер:

– Менің мақсатым – британдық халыққа киізді, қазақтың жүнінен киім қалай жасалатынын, қандай керемет бұйымдар шығатынын көрсету. Біріншіден, таза өнім, өте жеңіл. Ыстық та болмайды, суық та болмайды. Бірқалыпты температурада ұстайды.

Соңғы уақытта Еуропада экологиялық таза өнімдер үлкен сұранысқа ие. Сондықтан да болар бұл күні шетелдік көрерменнің Эльвираның қолынан шыққан дүниелеріне деген қызығушылығы жоғары болды. Оның үстіне киімдер үлгісі де ерекше.

Максин Гриффитс, көрермен:

– Қазақстандық дизайнер өте тамаша киім үлгілерін көрсетті. Біз шынымен де ұлттық ою-өрнекпен әрленген, әр түрлі стиль мен түстегі киімдерге тәнті болдық.

«Silk road fashion show-ға» Қазақстаннан бөлек Италия, Франция, Ресей, Болгария, Тайвань және Ұлыбританиядан келген өкілдер де қатысты.

Алма Фармер, ұйымдастырушы:

– Алдағы уақытта Жібек жолы елдері туралы ақпаратты сән арқылы насихаттағымыз келеді. Өйткені сән - халықтар мәдениетінің айнасы.

Кеште сән үлгілерін көрсетушілердің бірі әрі Silk road fashion show-дың бетке ұстары, қазақстандық Милена Тажина жобаны насихаттап, барынша қолдау білдіргені үшін арнайы тәж киді. Дизайнер Эльвира Қажытаева бұдан кейін Еуропа бойынша шоурумдар ашып, қазақстандық сән мектебін танымал етуді жоспарлап отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы