384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Брюссельде Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған жиын өтті

  • 263
  • UPD: 18:01, 15.11.2019

Брюссельдегі EXPO алаңында Еуразиялық кітап форумы мен әдеби фестиваль өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған жиынға Қазақстан және Еуропаның ғалымдары, әдебиеттанушылары, ақындары мен суретшілері қатысып жатыр.

Лондонның Еуразиялық шығармашылық гильдиясы осымен сегізінші рет кітап форумы мен әдеби фестиваль ұйымдастырып отыр. Биыл ол Брюссельде өтіп жатыр, оған «Ашық Еуразия» сайысының финалистері шақырылған. Олардың арасында Қазақстанның 29 азаматы бар. Бұл – ақындар мен жазушылар, суретшілер мен аудармашылар. Еуразияның түрлі елдерінен келген дипломаттар мен әдебиеттанушыларды бұл жолы «Абай шығармашылығы мұрасының қазіргі замандағы маңызы» атты тақырыбы біріктірген.

Джонатан Фрайер, британиялық жазушы:

Абай шығармаларында табиғатқа сүйіспеншілік, адам баласының ғаламдағы орны секілді бүкіл адамзатқа ортақ тақырыптар ашылған. Ол Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танымал тұлға.

Қазақстандық филологтар, жазушылар мен ақындар форумға қатысушыларға Абай Құнанбайұлының мұрасын жеткізіп, ұлы ақынның 175 жылдығы қалай атап өтілетінін айтып берді.

Дандай Ысқақұлы, Сүлейман Демирел атындағы университеттің профессоры:

- Абайдың ұлылығын бір-ақ ауыз сөзімен жеткізуге болады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Абай – тек қазақтың деңгейінде ғана емес, түркі тілді деңгейде ғана емес, адамзаттық деңгейге көтерілген алғашқы қазақтың ұлы данышпандарының бірі. Қазір жаһандану үдерісі жүріп жатыр, жер бетінде қақтығыстар көп. Міне, Абай соны білген, сол кездің өзінде-ақ білді, адамдар бір-бірн дос көруі керек. Тілге, ұлтқа, дінге бөлінгендік емес, адамзаттың бәрін дос, бауыр, сонда ғана жер бетінде тыныштық орнайтынын алғаш айтқан ұлы данышпандардың бірі осы Абай.

Форумда Абай мұрасын мұқият зерттеп, ұлы данышпанның ойларын адамзатқа жеткізу қажеттігі айтылған. Әдебитеттанушы Бақтыгүл Маханбетова кемеңгер ақынның мерейтойына орай қазақстандық жазушылар жазған шығармаларды әкелді.

Бақтыгүл Маханбетова, әдебиеттанушы:

Абай – ол әлемдегі Конфуций, Гете, Шекспир, Пушкин деп кете береді. Ал Абайдың толық адам ілімі, Абайдың ұлттық құндылықтарының інжу маржандарын терген үлкен мұрасы ол тек қазақ халқына емес, тек түркі әлеміне емес, ол жалпы адамзат баласына бағытталған. Сондықтан да біздің қазіргі барлық мақсатымыз жалпы адам баласына ой салатын осындай ізгіліктің иесі Абайды дұрыс насихаттау, Абайдың мұрасын әлем жұртшылығына жеткізу.

Кітап форумы мен әдеби фестиваль аясында қазақ және қырғыз халқының ұлы данышпандары Абай мен Шыңғыс Айтматов шығармаларының әдеби оқулары өтеді. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері елшіліктерінде кездесулер, «Ашық Еуразия» сайысы жеңімпаздарын марапаттау рәсімдері ұйымдастырылады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы