384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грекияда «Ұлы дала: тарихы мен мәдениеті» көрмесі ашылды

  • 238
  • UPD: 18:19, 15.11.2019

Алтын адам Эллада жерінде. Грекия астанасы Афиныда «Ұлы дала: тарихы мен мәдениеті» көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір айға созылатын мәдени шара «Алтын адамның» әлем мұражайларына шеруі» халықаралық жобасы аясында жүзеге асып отыр. Көрмені грек көрермендері қалай қарсы алды?

Бұл– Қазақстанның Ұлттық мұражайы үшін он екінші көрме. Бұған дейін еліміздің бағалы артефактілері Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Македония, Түркия және Малайзия халқының назарына ұсынылған еді. Енді міне, көшпенділердің құнды дүниесі Грекия жеріне жетті. Көрме өтетін залды Афина қаласы эпиграфиялық музейі ұсынды. Бұған дейін бұл жерде сақ тайпасының тарихын баяндайдын бірде-бір жәдігер болмаған.

Алмаз Нұразхан, ҚР Ұлттық мұражайы директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда өнердің эталоны саналатын Грекияның Афина қаласындамыз. Алтын адамды көрген гректер эллиндік өнермен қатар сақ өнерінің болғанына таңқалып жатыр. Негізінде бұл сақ тайпасының да өнері емес әскери сауыт-сайман құралы ретінде саналған.

Экспозицияға Қазақстан Ұлттық мұрайжайы қорынан барлығы 144 жәдігер қойылды. Оның ең бастысы әрі бірегейі, еліміздің археологиялық ғылымдарының символы, ұлттық нақышта әрленген республикалық бренд – Алтын адам.

Иоанна Вениери, көрме кураторы:

- Бұл – таңғажайып көрме. Мен үшін барлық экспонаттар жаңалық болған. Осы көрменің арқасында Сақ мәдениеті, тұрмысы, тіршілігі мен өнері туралы білуге мүмкіндік алдық. Жергілікті халық жануарларды бейнелеудің көшпелілер қолданған қызық техникасымен танысты.

Алексей Волков, ҚР Грекиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан – Ұлы даланың өркениеті. Ал, Грекия – ғылым мен демократия пайда болған Еуропаның өркениеті. Сол себепті бұл мәдениеттердің етене жақын араласқаны дұрыс. Біздің ата-бабаларымыз ежелден бір-бірін білген. Әл-Фараби, Абай, Алтынсарин шығармаларында Александр Македонский жайлы оқыдық. Грекияда да Алтын Орда, Әл-Фараби жайлы жақсы біледі. Сол себепті жергілікті тұрғындар үшін бұл Қазақстанды танып-білуге арналған жақсы мүмкіндік.

Бірегей экспозицияның ашылу салтанатымен қатар Грекияда танымал археолог, профессор Зейнолла Самашев «Қазақстанның ертедегі сақ мәдени кешені» атты лекция оқыды.

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдаумен, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтіп жатқан Афинадағы көрме 2019 жылдың 11 желтоқсанына дейін жалғасады.

Хабар 24 телеарнасы