384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талант жас талғамайды

  • 229
  • UPD: 15:30, 16.11.2019

Алматыда жас суретші Давид Анның «Жасыл. Сары. Көк» деп аталатын көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

14-жасар алматылық оқушының картиналары осы уақытқа дейін  Францияда өткен көрмелерге қойылып, тіпті Түркия, Өзбекстан, Франция елдерінде сатылған.

Бұл – Давидтің алғашқы жеке көрмесі. «Оның сурет салу өнеріне деген сүйіспеншілігі бала күнінен байқалды», – дейді анасы. Бүгінде ол 400-ден астам  туындының авторы.

Эльвира Ан, Давид Анның анасы :

– Демалыс күні, ертеңгісін тұрған кезде бұл тықырлап, өз бөлмесінде бірдеме жасап жатады. Кіріп қарасам, ерте тұрып алып, бәрі ұйықтап жатқанда сурет салып жатады. Өзі сондай шабыттанып, жүрегімен салады. Сол кезде мен баламның сондай қабілетінің барын байқадым.

Давидтің ерекше қабілетін ЮНИСЕФ және ЮНЕСКО байқауларын өткізіп жүрген мамандар байқап, оның үш үздік туындысын Парижде үлкен көрмеге қойған. Шетел өнертанушылары алғашында сол картиналардың авторы оқушы бала дегенге аса сене қоймапты. Себебі, француз мамандарының пікірінше, Давидтің акрилмен жұмыс жасау техникасы тек кәсіби суретшілерге тән.

Давид Ан, жас суретші:

– Иә, мен негзінен акрилмен жұмыс жасағанды ұнатамын. Далаға шығып, табиғатты, айналамда болып жатқан оқиғаларды бақылағанды жақсы көремін. Соны, тезірек қағаз бетіне түсіргенше асығамын.

Давид көбіне табиғат пейзаждарын суреттейді. Бірақ мына картина өзінің туған әпкесі, «Томирис» фильмінде басты рөлде ойнаған Альмира Тұрсынға арналған. Әпкесі экранда Томирис образын ашуға тырысса, бауыры оның болмысын сурет бетіне түсірген. Бір қызығы, бұл көрмедегі картиналарда тақырып жоқ. Себебі, әрбір келуші әр туындыдан жанына жақынын көреді. «Тақырыпты өзі қояды», – дейді көрме авторы. Ал «Жасыл. Сары. Көк» деп аталған бұл көрме осы аптаның соңына дейін болады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев.

Хабар 24 телеарнасы