384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ораз-Мұхаммед сұлтан туралы не білеміз

  • 260
  • UPD: 18:10, 16.11.2019

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде екі елдің дипломатиялық қатынастарының негізін қалаушы Ораз-Мұхаммед сұлтанның өмірі мен қызметіне қатысты еларалық конференция өтті. Шараға белгілі ғалымдар, тарихшылар мен этнографтар қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастың тамыры тереңде жатыр. Тарихта екі ел арасында байланыс орнатып, берік достық пен ынтымақтың қалыптасуына атсалысқан тұлғалар аз болған жоқ. Солардың бірі – Қасым хандығының билеушісі, Борис Годунов заманындағы орыс әскерінің қолбасшысы әрі сол заманның қайраткері Ораз-Мұхаммед. Оның тұлғалық қасиеті мен қызметі туралы өткен конференцияға ғылым қайраткерлері, тарихшылар мен профессорлар қатысты.

Зиябек Қабұлдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:

– 1600 жылы ол Қасым хандығын биледі. 10 жыл бойы орыс патшасына бағынышты аймақта хандықты билеп, үлкен абыройға ие болды. Осы жылдар ішінде Ораз-Мұхаммед өзін мықты мемлекеттік қайраткер әрі білікті әскери жетекші ретінде танытты.

Марат Сафаров, тарихшы-журналист:

– Конференция материалдарымен көпшілікті таныстыру керек. Оны тек осы оқиғаға қызметін арнаған адамдар ғана біліп отырмай, жалпы көпшілікке мәлім болуы тиіс. 

Ресейдің Рязан облысына қарасты Қасымов ауданының Ахматовск елді мекенінде Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалды тақта орнатылды. Ескерткіш қою идеясының авторы – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов. Естелік белгі Ораз-Мұхаммед жерленген Ескі татар зиратында, Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Ауған-Мұхаммед сұлтанның кесенесіне жақын жерде орнатылды. Салтанатты шарада сөз алған Иманғали Тасмағамбетов Ораз-Мұхаммедтің қазақ мемлекеті мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастың негізін қалаған қайраткер екенін атап өтті.

Авторлары: Мақсұт Меделханов, Дана Нуржан

Хабар 24 телеарнасы