376,09 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та Әбіш Кекілбаевтың шығармалары кеңінен танымал

  • 370
  • UPD: 15:25, 17.11.2019

Америка елінде қазақтың көрнекті жазушысы әрі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармалары кеңінен танымал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрнекті қайраткердің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында орыс-америкалық жазушы әрі әдеби сыншы Геннадий Кацов Әбіш шығармалары америкалық оқырманға қаншалықты әсер еткені жайында пікір айтып, ой білдірді.

Нью-Йорктегі орыс тілді көрермендер күн сайын көгілдір экраннан танымал журналист әрі жазушы Геннадий Кацовтың бағдарламаларын тамашалайды. Орыс тілді жазушы Америка әлемінде «Жыл адамы» атанған Геннадий Кацов 1980 жылдары Мәскеудегі «Поэзия» клубын құрғандардың бірі. Ал 1989 жылы Құрама Штаттарға қоныс аударған соң Сергей Довлатовпен бірге «Азаттық» радиосында қызмет етті.

Десе де, қызметтегі уақыт тапшылығына қарамастан, ол әрдайым көркем шығарма оқуға оның ішінде қазақ жазушыларының еңбектерімен танысуға уақыт табады.

Геннадий Кацов, ақын-жазушы:

Сонау мұхиттың арғы жағында өмір сүріп жатқан біз Әбіш Кекілбаевтың кешегі жүріп өткен жолын қазақ және орыс мәдениеттерін салыстыра отырып, орыс және ағылшын классикасын қазақ тіліне аудару арқылы біле аламыз. Бұған қоса, жақында Олжас Сүлейменовтың Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын ұлы Лев Толстоймен салыстырған жазбасын оқып шықтым.

Геннадий Кацовтың мақалалары, әңгімелері мен өлеңдері оқырман қауымға жақсы таныс. Заманмен үндес танымал тұлға Әбіш Кекілбаевтың шығармаларынан қуат алғанын айтып, оның шеберлігіне тәнті екендігін білдірді.

Геннадий Кацов, ақын-жазушы:

Әбіш Кекілбаевтың шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Бірақ соған қарамастан, америкалық оқырман қауым үшін қаламгердің «Ұмыт жылдар балладасы» ерекше. Жалпы Әбіш Кекілбаевтың еңбектері циклдерден тұрады. Бұл әрине, көркем сөз шеберінің тарихи деректерді толық әрі тұтас беруге ұмтылғанын аңғартады. Бүгінде заманауи Батыс әдебиетінде постмодернизм туындылары цикл, жинақ болып шығады. Сондықтан болар, Әбіш Кекілбаевтың туындыларына Батыс оқырмандары асқан қызығушылық танытып келеді.

Геннадий Кацовтың айтуынша, Әбіш Кекілбаевтың еңбектері көркемдік ізденістерімен, жоғары интеллектуалды күш-қуатымен ерекшеленеді. Сондықтан қазақ әдебиетіне қызығатын америкалық оқырмандар үшін оның туындыларының шоқтығы биік екені айқын.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы