384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы аталып өтті

  • 186
  • UPD: 10:08, 20.11.2019

Жазушының мерейтойына орай Ресей астанасында қазақстандық кино апталығы ұйымдастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала тұрғындарының отандық жаңа сегіз фильмін көруге мүмкіндіктері бар. Олардың арасында «Әміре» мен «Томирис» картиналары бар. Бұл шараны Ресей мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстан елшілігі ұйымдастырған.

Әйгілі «Иллюзион» кинотеатрында қазақстандық кино апталығы «Шыңырау» фильмінің көрсетілімінен басталды. Бұл – Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген картина. Сондай-ақ жазушының «Аңыздың ақыры» романы бойынша сурет көрмесі өтіп жатыр. Бұл суреттерді Косыгин атындағы Ресей университетінің студенттері салған.

Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз қашан да еліне ерекше қызмет еткен, әсіресе рухани өрісі биік тұлғаларды қадірлеп тұтатын халықпыз. Ал сол халқымыз көзі тірісінде абыз атанып кеткен Әбіш Кекілбаев бүгін ортамызда болмаса да, ол кісінің зиялы сөзі, ой өрісі, таусылмас рухы бүгін Мәскеудің төрінде. Олай болса, баршаңыз да осы кешке қош келдіңіздер.

Мәскеу тұрғындарының назарына түрлі жанрларда түсірілген 8 фильм ұсынылған. Олардың арасында «Әміре», «Анаға апарар жол» мен «Томирис» картиналары бар. Соңғы фильмнің Мәскеудегі тұсаукесері көрермендердің үлкен қызуғышылығын туғызды. Бұл киноға билеттер бір сағаттың ішінде сатылып кеткен.

Мария Безрук, киносыншы:

Ең алдымен бізге ұлттық колориты бар фильмдер қызық. Сол себептен кино апталығын Әбіш Кекілбаевтің шығармасы бойынша түсірілген «Шыңырау» картинасынан бастап, қазақстандық кинематограф үшін маңызы зор «Томирис» фильмімен жабамыз. Бұл туынды бүкіл Орталық Азия кинематографы үшін де маңызды деп ойлаймын, өйткені мұндай мықты картиналар жыл сайын шыға бермейді.

Сала мамандарының айтуынша, Ресейде қазақстандық киноға қызуғышылық едәуір артып келеді. Бұған ең алдымен отандық картиналардың халықаралық фестивальдарда жеткен табыстары себеп болып отыр.

Арман Әсенов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті:

Қазақ киносы қарқынды дамып жатыр. Мемлекет жағынан қолдау көрсетіледі. Соңғы бір жылда 30-дан аса көркем фильм түсіріп, 80 кинофестивальға қатыстық. 56 кинофестивальде жоғары жүлделерге ие болып, елімізге 17 гран-при әкелдік.

Ресейдегі қазақстандық кино апталығы аясында екі елдің мамандары кездесіп, киноөндіріс пен прокат саласында ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқыламақшы.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы