384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ALTYN OIMAQ байқауының финалистері анықталды

  • 193
  • UPD: 11:28, 22.11.2019
ALTYN OIMAQ байқауының финалистері анықталды

10 күндік онлайн-дауыс беруден кейін ALTYN OIMAQ ұлттық дизайн байқауының жеңімпаздары анықталды.

Енді осы алты финалистің бірі бас жүлдені иеленбек. Жоба бірнеше кезеңнен тұрды. Екі бөліктен тұрған алғашқы кезең нәтижелері бойынша екінші этапқа өткендер анықталды. Әрі қарай онлайн-дауыс беру кезеңі. Ал 4-14 қараша аралығында сән жарысы басталған болатын, бірі сайыс барысында топ жарып, кейбірі кейіннен алға шығып жатты. Байқау сайтында қазақстандықтар белсенді дауыс беріп, әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды қадағалап отырды. Бұл кезең жобаның өзіндік шарықтау шегі болды. Гран-приді тек бір қатысушы алғанымен, алты финалистің де жеңімпаз атағына лайық екенін атап өткен жөн.

«Ұлттық ою-өрнек элементі бар спорттық киімнің үздік дизайны» номинациясында алматылық Алина Данилова жеңіске жетті. Бойжеткен бала кезінен бастап шығармашылыққа жаны жақын екенін түсінген. Ол Екібастұз қаласында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін дизайн мамандығы бойынша оқуға Алматы қаласына аттанады. Қазір Алина цифрлық кескіндеме студиясында жұмыс істейді және өзінің брендін шығаруды армандайды.

«Байқау жас дизайнерлерге өзін көрсетуге жақсы мүмкіндік береді. Біріншіден, киім және бұйымдарымды көрсетуге керемет мүмкіндік берген жоба ұйымдастырушыларына алғыс айтамын. Әрине, байқау финалистерінің қатарына енгеніме өте қуаныштымын, бұл факт маған дұрыс бағытта жүргенімді көрсетеді», – дейді дизайнер.

Сонымен қатар Алина байқау барысында қызықты жобаларға толы бірнеше жоғары деңгейдегі кездесулердің болғанын қуанышпен атап өтті.

Евгения Жандарбаева Нұр-Сұлтан қаласынан байқауға қатысып, «Ұлттық ою-өрнек элементі бар үйге арналған тоқыма бұйымдарының үздік дизайны» номинациясы бойынша жеңіске жетті. Ол кәсіби дизайнер, бірнеше жыл бұрын JANIYA брендін қалыптастырып, авторлық компьютерлік кестелі киім мен үйге арналған тоқыма бұйымдарын жасап жүр.

Евгенияның айтуынша, ALTYN OIMAQ байқауы өзіне деген сенімділік пен алға басуға күш берген. Өзінің жеңісі туралы білген дизайнер Instagram-да өте әсерлі жазба қалдырып, онда өз жақындарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты және байқаудағы эмоцияларымен бөлісті.

«Байқау барысында мен өзіме не керек екенін түсіндім және одан да көп нәрсені жасай аламын және шабыттандырамын... Менің өмірімнің әр кезеңінде үлкен қолдау көрсеткен туыстарыма, достарыма және жақындарыма үлкен алғыс айтқым келеді», – деді ол.

«Әрине, мен ALTYN OIMAQ байқауының ұйымдастырушыларына өз шығармашылығымды көрсетіп, әрі қарай дамуына серпін бергені үшін рақмет айтамын. Байқаудың арқасында мойынсұнбауды және жақсы жолға ұмтылудың маңызды екенін көрдім. Маған байқау күш пен шабыт берді, менің жолым әлі аяқталмайтынын білемін. Барлығы алда», – деп жалғады сөзін дизайнер.

Жандарбаева, сонымен қатар жобада оған серіктестік туралы бірнеше қызықты ұсыныстар келіп түскенін, қазір қарастырып жатқандығын айтты.

Әйелдер ғана тігеді деп кім айтты? Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласында өте талантты шебер ер адамдар бар. Сәкен Қаржаубаев – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының маңындағы Теңге ауылынан шыққан, QAZAQ атты сәнді және ерекше брендтің авторы. Ол ұлттық бояуы бар былғары киімдер мен бұйымдарды жасайды. Сәкен «ұлттық ою-өрнек элементтері бар бұйымдардың үздік дизайны» номинациясын жеңіп алды.

ALTYN OIMAQ байқауы туралы айта отырып, Қаржаубаев оны қолдап, дауыс бергендердің барлығына алғысын жаудырды. Сондай-ақ ол жобаның басқа қатысушылары туралы жылы лебізін білдіріп, әр номинация бойынша дизайнерлердің таланты мен шеберлігін атап өтті.

«Мен біздің Жаңаөзенді және туған ауылым Теңгені жақсы жағынан дәріптей алғаным үшін Алла Тағалаға алғыс айтамын», – деді Сәкен.

Эльмира Битуреева – жас ана, сонымен қатар дарынды дизайнер. Ол шығармашылық мансап пен отбасылық міндеттерді сәтті үйлестіруді армандайды. Бойжеткен Малайзияда оқыған, бірақ сән индустриясын өз елінде дамыту үшін Отанына оралған. Эльмира «Ұлттық ою-өрнек элементі бар іскерлік киімнің үздік дизайны» номинациясы бойынша қатысты.

«Маған іскер, мықты, өзіне сенімді әйел бейнесі шабыт берді. Сондықтан өз үлгілеріммен қоғамда теңдікті қалайтын нәзікжандылардың бейнесін жеткізуге тырыстым. Сондай-ақ менің топтамаларымда ұлттық ою-өрнектер де кездеседі, қазақ әйелдері бұл бейнелермен өз халқының тарихын мақтанышпен көрсете алады», – деді дизайнер.

«Бұл байқау маған өз күшіне сенуге мүмкіндік берді. Сену, армандау және күмәнданбау – бұларсыз, менің ойымша, нәтижеге жету мүмкін емес. Сондықтан мен кез келген бастамаға дайынмын. Позитивті ойлар мен өзіне деген сенімділік маған көптеген мәселеде көмектеседі және оң нәтиже береді», – деп жалғастырды сөзін Эльмира.

Келесі екі қатысушы байқаудың өткен кезеңінде жеңімпаз атанып, онлайн-дауыс беру кезеңіне қатыспаған. Олар бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылды, ал екінші кезеңде олардың бәсекелестері болмады. Байқаудың ең жас қатысушылары үшін бұл байқау сәтті болды.

Айбибі Абуова – 16 жастағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Жасына қарамастан, ол өте талантты. Ол қоршаған орта мәселелеріне немқұрайды қарамайды, экологияны сақтауға өз үлесін қосуды армандайды. Әрине, бұл оның шығармашылығында да байқалады. Айбибі «Үздік кастом-спорттық аяқ киім дизайны» номинациясында жеңіске жетті.

«ALTYN OIMAQ байқауына қатысу мен үшін баға жетпес тәжірибе болды. Ең алдымен маған жұмыс жасау процесі және оның таныстырылымы ұнады. Осы жобаның арқасында өзімнің және отандық брендтің дамуына өз үлесімді қосқанымды сезіндім. Бұл маған болашақта осы саланы жақсартуға түрткі болды. Мен осы жобаны аяқтаймын, менің жеңісім жастарды осындай сайыстарға қатысуға шабыттандырады деп үміттенемін», – деді Айбибi.

Дизайнер финалға өтетініне күмән келтіргенін атап өтті, себебі қалған қатысушыларды өте талантты деп санайды. Алайда Айбиби өзінің табысқа жете алатындығына шын жүректен сенді. Белгілі болғандай, бекер емес.

«Ұлттық ою-өрнек элементі бар балалар киімінің үздік дизайны» номинациясында Әйгерім Мұратқызының жұмыстары үздік деп танылды. Оның жасы небәрі 10-да болса да, ол – дизайнер. Анасымен бірге қыз өзінің Ai Kerim брендімен жұмыс жасайды. Жас шамасы бойынша шектеулер кішкентай дизайнерге өтінім беруге мүмкіндік бермеді, сондықтан ALTYN OIMAQ байқауына оның жасаған жұмыстарымен анасы Айнагүл Мазимова қатысты.

«Мен ALTYN OIMAQ байқауының ұйымдастырушыларына үлкен алғысымды білдіремін. Байқаудың барлық кезеңдері өте жоғары деңгейде өтті. Біз ұйымдастырушылардың кәсібилігіне көз жеткіздік, үлкен шабыт алдық және өз саламызда әрі қарай өсуге, дамуға ынталымыз. Біз қызымның сән әлемінде алғашқы қадамдарын жасап, оның жұмыстары жоғары бағаланғанын байқадық», – деп атап өтті Айнагүл.

ALTYN OIMAQ жобасы аяқталуға жақын. Байқаудың жеңімпазын анықтау және барлық үздіктерді марапаттау қалды. Ұйымдастырушылар бұл отандық дизайнерлер үшін болашаққа үлкен қадам және еліміздің жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін жасалған ұзақ жолдың бастамасы ғана деп санайды. Себебі, биыл жоба алғаш рет жүзеге асырылды және өтте сәтті ұйымдастырылды. Сондықтан келесі жылы да байқауды күте аламыз. Ал қазақстандық дизайнерлер осы бастан ерекше жобалар дайындап жатқан болар.

Хабар 24 телеарнасы