384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық суретшілер Италияны тәнті етті

  • 144
  • UPD: 14:18, 24.11.2019

Джузеппе Вердидің «Трубадур» операсы Италиядағы ірі мәдени орданың театр маусымын ашты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Генуедегі «Театр Карло Феличеге» бұл күні екі мың көрермен жиналды. Көз тартып, көңіл арбар қойылымға қазақстандық шеберлердің де қосқан үлесі бар.

Джузеппе Вердидің «Трубадур» операсы Генуяның өнерсүйер қауымы үшін ерекше тарту болды. Өйткені осыдан 28 жыл бұрын көне театр қайта жаңғыртудан өткеннен кейін дәл осы туындымен шымылдық ашқан еді. Ал бүгінгі қойылымның жөні бөлек. Себебі қазақстандық суретшілер Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың қолтаңбасы бар.

Софья Тасмағамбетова, сценограф, костюм бойынша суретші:

– Біздің басты мақсатымыз –Композитор Вердидің туындысында айтқысы келген ойын жеткізу болды. Қазан айында Қазақстанда да осы автордың "Дон Карлосын" көпшілікке ұсындық. Міне, "Трубадурмен" жалғастырып жатырмыз. Марина Бьянки сынды режиссермен жұмыс істегеніміз ұнады. Ол Вердидің барлық шығармаларымен таныс. Сондықтан, біз барынша қызығушылықпен жұмыс істедік.

Павел Драгунов, сценограф, костюм бойынша суретші:

– Декорация көрерменнің көз алдында ауысады. Бұл осы қойылым үшін маңызды шарт. Өйткені, үзіліс болмайды. Сол себепті, біз айналма шеңберін таңдап алдық.

Жас декоратор суретшінің бұл Италиядағы алғашқы жұмысы. Павел Драгунов екеуі қойылымдардың толық сценографиясына жауапты. Павел ерлердің, Софья әйелдердің  костюмін салған. Олар декорация эскизін, реквизиттерді, бутафория мен костюмдерді бейнелеп қоймай, әр кейіпкердің аксессуарларын да жіті ойластырған.

БЛИЦ:

– Өте әдемі шоу болды. Әсіресе, сценографиясы. Бұл – ғажайып туынды. Рақмет!

– Менің ойымша, қойылым Вердидің айтар ойын толық ашып берген. Керемет шоу. Тамаша опера!

– Қойылым ерекше болды. Құрылғылардың қозғалуы, жарықтың алмасуы, опера, музыка - бәрі айрықша. Маған шынында да ұнады.

Әйгілі «Трубадур» операсы «Театр Карло Феличеде бірінші желтоқсанға дейін қойылатын болады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы