384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда ең үлкен киноконцерт залы ашылды

  • 246
  • UPD: 17:34, 29.11.2019

Алматыда Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің ең үлкен залы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бір уақытта 350-ге жуық көрерменді қабылдай алатын киноконцерт залы Chaplin Mega Alma-Ata аумағында орналасқан.

Биіктігі 13 жарым, ені 25 метр алып экраннан кино көру мүмкіндігіне Орталық Азия бойынша бірінші болып алматылық көрермендер ие болды. Заманауи экран табанды еңбектің арқасында орнатылды, дейді компания қызметкерлері. Сондықтан бірегей экранмен жабдықталған залдың ашылуы да есте қаларлықтай болды.

Дмитрий Кириенко, Chaplin кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры:

– Ауқымды құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Розыбакиев көшесіндегі «Мега» ойын сауық орталығында үлкен киноконцерт залын аштық. Бұл – өзіндік ерекшеліктері бар бірегей кинотеатр. Біріншіден, көлемі өте үлкен. Соны ескере отырып, сапалы кинозал ашу керек деп шештік.

Мұнда кино көріп, концерт тамашалауға да болады. 150 шаршы мертлік сахна драма театр сахнасымен пара пар. Залға кіру де ерекше жасалған. Жалпыға арналған орындарға бірінші қабаттан кіруге болады. Жоғары жайлылықтағы аймаққа екінші қабаттан, ал құрметті қонақтарға арналған орындарға үшінші қабат арқылы кіруге болады.

Нұрлан Қоянбаев, актер:

–Бұл залдың ашылуынан көрермен ұтатыны белгілі. Өйткені барлығын көрермен үшін жасап жатыр. Егер көрерменге кинотеатрға келіп, кино көру ыңғайлы болса, ол бізге де әсерін тигізеді. Біз де әрі қарай өзіміздің өнерімізді, еңбегімізді жалғастыра аламыз.

Киноконцерт залының ашылуы салтанатты мерекелік шоумен басталды. Көрермендер үздік би ұжымдарының, театр әртістерінің өнерін тамашалады. Одан кейін қонақтар үлкен экраннан Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» фильмін көрді.  

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы