386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда «Жастардың алтын кітабы» жобасының лауреаттары марапатталды

  • 113
  • UPD: 20:16, 30.11.2019

Қостанайда «Жастардың алтын кітабы» жобасының кезекті лауреаттары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Он бір аталым бойынша үздік деп танылғандарға арнайы сертификат пен ақшалай сыйлық табысталды.

Ерекше дарынымен, ерен  еңбегімен, жанкешті ерлігімен өзгелерге үлгі болған жастардың есімдері Алтын кітапқа жазылды. Тұңғыш Президент күніне орайластырылған салтанатты шараға біздің тілшіміз де қатысып қайтты.

«Жастардың алтын кітабы» жобасы Тобыл өңірінде осыдан 14 жыл бұрын бастау алған болатын. Содан бері дәстүрге айналған жылдың үздік жастарын марапаттау шарасы үзілген емес. Биыл бұл тізімді тағы 11 адам толықтырды. «Ерлік» аталымында ауыр науқасқа шалдыққан 4 жастағы бүлдіршінге өз бауырын берген Алексей Сычугов ерекше құрметке ие болды.

Тағы бір марапат иесі – Аманкелді ауданынан Айбек Таңатбаев. Жас кәсіпкер шалғайдағы  ауылда жеке ісін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

Айбек Таңатбаев, «Жастардың алтын кітабы» жобасының лауреаты:

- Мен өзім кішігірім сауда-саттықтан бастадым. Қазір үш сауда нүктесін ашып, 7 адамға жұмыс орнын беріп отырмын. Сауда-саттықпен бірге қызмет көрсету, қонақ үй ісі бойынша биыл мемлекеттен 6% мөлшерінде аз процентпен несие алып, ол ақшаны игеріп жатырмын.

Осы уақытқа дейін «Алтын кітапқа» 207 жастың есімі енгізілген. Биыл сол абыройлы тұғырдан орын алуға 190 өтініш келіп түскен.

Марат Жұрқабаев, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

- Кәсіпкерлікке байланысты салаға биылғы жылы қатысқан үміткерлердің саны көп болды. Өйткені шынымен де ауылды мекендерге барып қарағанымызда, жастар өздерінің жобаларын тек қана сол «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде емес, кәсіп ретінде көтеріп жатыр.

Грек-рим  күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2020 жылғы Олимпиада ойындарына Тобыл өңірінен алғашқы жолдаманы жеңіп алған Темірлан Шалукаевқа екі бөлмелі пәтер берілді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы